Қазақстандық Талғат Құлманов ұлы Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды Alash.kz. Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде әскери борышын өтеп жүрген ұлы мен әкесінің телефон арқылы сөйлескен видеосы тарай бастаған болатын.
Бейнеқоңырау кезінде Талғат Құлманов көлікте отыр, ал оның ұлы отбасына хабарласу үшін телефонды енді ғана алғанын айтады. Олар жаңалықтарын бөлісіп, бір-бірінің амандығын сұрасады, ал соңында бір-бірін жақсы көретіндерін айтады. Әкесі мен баласының бұл әңгімесі 9 қыркүйекте болған.
Алайда кейбір пайдаланушылар бұл жазбаны Каспийдегі қайғылы оқиға алдындағы әке мен баланың соңғы сөйлесуі деп атаған.
Бүгін, 25 қыркүйекте Талғат Құлманов бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады: оның ұлы тірі және әскердегі қызметін жалғастырып жатыр.
"Құрметті әлеуметтік желі пайдаланушылары! Ақтауда болған оқиға бойынша қаза тапқандар арасында менің балам бар, бұл оның соңғы видеосы деген жалған ақпарат тарап жатыр. Осы ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймын. Ұлым курсант, қазір өз қызметін атқарып жатыр", - деді Құлманов.
Сондай-ақ ол Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Туған-туыстары мен жақындары үшін осынау ауыр сәтте шын жүректен көңіл айтамын. Бұл қайғылы жағдай барша қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды. Бізге, әскери қызметшілерге де оңай емес. Сондықтан жалған ақпарат таратпауды сұраймын", - деп үндеу жасады Талғат Құлманов.