Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған 19 жастағы сарбаз Бекет Мырзағалиевтің анасы Қарлығаш Мырзағалиева ұлының денсаулығы мен жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Анасының айтуынша, суыт хабарды естіген бойда отбасы Ақтауға шұғыл жеткен.
«Құдайға шүкір, балам аман. Таңертең Ақтауға келіп, өзін көрдік. Денесі сау, өз аяғымен жүріп жүр. Балам жағаға өз күшімен жүзіп шыққан. Қалған егжей-тегжейі тексеру жұмыстары аяқталған соң белгілі болады деп ойлаймын. Балаларымыз әлі өте жас, көргендері өмір бойы естерінде қалатын болды», — деді сарбаздың анасы.
Сонымен бірге ол қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қайғырып көңіл айтты:
«Бүкіл Қазақстан үшін бұл өте ауыр трагедия. Ата-аналардың қазір не сезініп отырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қаза тапқан балалардың аналары мен әкелеріне шын жүректен көңіл айтамын. Ешкімнің басына мұндай қайғы бермесін».
Еске сала кетейік, Атырау облысы Махамбет ауылының тумасы Бекет Мырзағалиев Ақтаудағы №29011 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген. Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде орын алған қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапса, 3 сарбаз аман қалған болатын.