Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдайда каза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қайғырып көңіл айтып, оқиғаға кінәлілер заң алдында жауап беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Министр қоғам тарапынан қойылып отырған талаптарды толық түсінетінін айтып, жауапкершіліктен қашпайтынын атап өтті.
«Бүгін елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні. Өз атымнан, Қорғаныс министрлігі және Қарулы күштердің бүкіл жеке құрамы атынан қаза тапқан әскери қызметшілердің ет жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Отбасылардың қайғысын түсінемін. Қоғамның бізге қойып отырған талап-сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Ата-аналардың бізге өз ұлдарын сеніп тапсырғанын, ал бүгін орны толмас қазаға ұшырап отырғанын жеткізу маған да өте ауыр тиіп отыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Осы жағдайға байланысты кінәлі адамдар жауапқа тартылатын болады. Қара жамылған отбасылармен үнемі байланыстамыз. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіп жатырмыз. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен қоғам алдындағы міндетімізді түсінеміз. Арыстай азаматынан, ұлдарынан айырылған әр отбасының қайғысына ортақпын. Әскери міндетін атқаруда қаза тапқан азаматтарымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», — деді Дәурен Қосанов.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде орын алған апаттан 14 сарбаз қаза тауып, Бас прокуратура мен ІІМ тарапынан тергеу амалдары жүргізілуде.