Каспийдегі әскерилердің қаза табуына байланысты жүргізіліп жатқан тергеу аясында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев ұсталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қарулы күштердің пәрменді лауазымды бес тұлғасының ұсталғанын мәлімдеген болатын. Олардың қатарында ӘТК штаб бастығы – бас қолбасшының бірінші орынбасары, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі бар. Ресми деректерге сәйкес, ӘТК бас қолбасшысының бірінші орынбасары лауазымын атқаратын Данияр Хайрушев 2026 жылдың мамыр айында әскерлердің жоғары жауынгерлік дайындығын қамтамасыз еткені үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр, құқық қорғау органдары күдіктілер қатары әлі де кеңеюі мүмкін екенін теріске шығармайды.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде орын алған қайғылы оқиғадан 14 әскери қызметші қаза тапқан болатын. Бас прокуратура тарапынан қызметтік салғырттық пен кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүргізілуде.