Ақмола облысының соты Щучинск қаласының тұрғынын қызды ұрып-соғып, оның өліміне себеп болғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы мен жәбірленуші 2024 жылдан бері бірге жұмыс істеп, өзара жақын қарым-қатынаста болған. Арада қызғаныш салдарынан бірнеше рет келіспеушіліктер орын алған. Кезекті рет қарым-қатынасты анықтау мақсатында екеуі ер адамның пәтерінде кездесіп, ішімдік ішкен. Төбелес барысында ер адам бойжеткенді аяусыз соққыға жыққан.
Ауыр соққыдан есінен танып қалған бойжеткен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін арашалап қала алмады. Сараптама қорытындысы бойынша марқұм бауырдың жыртылуынан ішке қан кетіп, геморрагиялық шок салдарынан көз жұмған. Сонымен қатар тексеру барысында оның іш және кеуде тұсынан жарақаттар, қабырғасының сынуы, соғылу іздері мен өзге де ауыр дене зақымдары анықталған.
Сот шешімімен жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылды. Сотталған азаматтан марқұмның отбасына моральдық зиянды өтеу ретінде 12 миллион теңге, сондай-ақ материалдық шығын мен өкілдің қызметіне ақы төлеу үшін тағы 2 миллион теңге өндіріп алу міндеттелді.