«Қазақмыс» Корпорациясы тау-кен және металлургия кәсіпорындарының әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын жаңартудың ауқымды бағдарламасын іске асыруда, деп хабарлайды Alash.kz.
Бағдарлама аясында тұрмыстық корпустар, жатақханалар, асханалар, жуынатын бөлмелер, медициналық пункттер және жұмыскерлердің күнделікті қажеттілігін қамтамасыз ететін өзге де нысандар жаңартылуда. Ауқымды жоба Жезқазған, Балқаш және Қарағанды өңірлеріндегі, сондай-ақ Шатыркөл алаңындағы жалпы 90 нысанды қамтып отыр. Бүгінгі таңда 34 нысанда жөндеу жұмысы толық аяқталса, 30 нысанда құрылыс-монтаждау жүріп жатыр, ал тағы 26 нысанды жаңартуға дайындық жұмысы қолға алынған.

Жөндеу аяқталған нысандардың басым бөлігі, аталғанда 17 нысан «Jezqazgan Tau-ken ondirisi» өндірістік бірлестігіне тиесілі. Батыс Жезқазған кенішінде 73-75-шахтаның тұрмыстық корпусы жөнделіп, жылы өткел қалпына келтірілді және медициналық тексеруден өткізетін автоматтандырылған жүйе орнатылды. Оңтүстік Жезқазған кенішінде әкімшілік-тұрмыстық корпустың тұрмыстық бөлмелері мен шатыры жаңартылса, Жомарт кенішінде тұрмыстық корпустар, терезе және есік блоктары жөндеуден өтті.

Балқаш өңірінде «Balqash Tau-ken ondirisi» өндірістік бірлестігінің 6 нысанында жұмыс аяқталды. Саяқ кенішінде «Тастау» асханасы, жуынатын бөлмелер мен сауна жөнделіп, желдету жүйесі жаңартылды. Сондай-ақ Балқаштың өндірістік алаңдарында киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер және әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар ретке келтірілді. Шатыркөл алаңында болса әкімшілік-тұрмыстық және тұрғын үй-жайлар, медициналық пункт, кір жуатын орын мен тамақтану бөлмесі жаңартылды.
Қарағанды өңіріндегі «Qaragayly Tau-ken ondirisi» өндірістік бірлестігінің де 6 нысаны жөндеуден өтті. Қарағайлы байыту фабрикасында асхана мен жуынатын бөлме, ал Қажықонған және Абыз кеніштерінде тұрғын модульдер мен өндірістік-тұрмыстық үй-жайлар қолданысқа берілді.

Сонымен қатар «Kazakhmys Smelting» кәсіпорындарында Балқаш мыс балқыту зауытының санитарлық-тұрмыстық үй-жайларына және Жезқазған мыс балқыту зауытының балқыту цехындағы жуынатын бөлмелерге күрделі жөндеу жүргізілді.
Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары Жомарт кенішіндегі 330 орындық жатақханада, Жезқазған байыту фабрикаларының тұрмыстық корпустары мен медициналық пунктінде, Нұрқазған, Абыз және Саяқ кеніштерінің әкімшілік-тұрмыстық үй-жайларында, сондай-ақ байыту фабрикалары мен жөндеу бөлімшелерінде жалғасып жатыр.

Тұрмыстық нысандарды жаңарту жұмыскерлерге ауысым кезінде медициналық тексеруден өтуден бастап, демалу және гигиена талаптарын сақтауға дейінгі толық қолайлы жағдай жасауды көздейді. Корпорация үшін қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету тек өндірістік учаскелермен шектелмей, жұмыскерлердің күнделікті тұрмыстық ортасын да қамтиды.