Түркияның Ыстанбұл қаласында 26 жастағы қазақстандық қыз Айсұлу Бекмаханованың жұмбақ жағдайда көз жұмуы жергілікті әйелдердің наразылығын тудырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға өткен жексенбіде орын алған болатын. Алдын ала мәліметтер бойынша, отандасымыз көрші ғимараттың төбесіне балкон арқылы көтерілген. Тіпті оның биікте отырған соңғы суреті де тарап үлгерді. Кейін көрші үйдің шатырына өтпек болған сәтте ол абайсызда төменге құлап, оқиға орнында қаза тапқан.
Бұл қайғылы жағдайға бей-жай қарамаған түрік әйелдері марқұм құлаған көшеге жиналып, наразылық акциясын ұйымдастырды. Қыз-келіншектер отандасымыздың өлімі жан-жақты әрі әділ тергеліп, кінәлілердің тиісті жазасын алуын талап етті. Олар бұл оқиғаның өз-өзіне қол жұмсау екеніне сенбейтінін жеткізіп, әйелдердің құқығы тапталмауы керектігін баса айтты.
Аталған қайғылы жағдайдан кейін марқұммен бірге тұрған ресейлік қыз және оның сүйіктісі дереу ұсталған болатын. Олардан тиісті жауап алынғаннан кейін, күдіктілер елден шықпау туралы қолхатпен уақытша босатылды. Қазіргі таңда бұл іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда.