Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Елімізде жаңа Азаматтық кодекс қабылданады: Үнзила Шапақ Президент Жолдауына қатысты пікір білдірді

18:17, 28 қазан 2026

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Президент Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, 2027 жылдың соңына дейін бұл маңызды кодексті әзірлеп, қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысы қолданыстағы Азаматтық кодекс 1990-жылдары қабылданғанын және өзінің тарихи миссиясын толық атқарғанын атап өтті. Оның айтуынша, құжат өтпелі кезең экономикасына бейімделіп әзірленгендіктен, қазіргі заман талаптарына толық сәйкес келмейді.

Президенттің бастамасына қатысты Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ кулуарда пікір білдіріп, жаңа кодекстің маңыздылығына тоқталды.

«Ең негізгісі — бұл құқықтық құжат. Ол жерде біздің тұрақты меншігімізден бастап, барлық құқықтық қарым-қатынас реттеліп отырады. Дегенмен, қоғамның дамуына және экономикамыздың әр саласына байланысты өмірімізге жаңа экономикалық құралдар еніп жатыр. Цифрлық құралдар де еніп жатыр. 

Әрбір құқықтық қатынасқа түскен кезде бізге құқықтық қорғау тетіктері қажет болып жатыр. Соның бірі – цифрлық қарым-қатынас өмірімізге толыққанды енді ғой, енді соны қорғайтын құралдар қажет. Субъектілер арасындағы теңгерімдік мәселесін реттеуіміз керек. 

Сондықтан бұл кодекс жаңадан жазылуы тиіс. Азаматтық кодекс жалпы екі бөлімге бөлінеді: жалпы бөлім және ерекше бөлім. Сондықтан менің ойымша, бұл екі бөлім де бірдей жазылатын болады», — деді депутат.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Құрылтай депутаттарына бұл маңызды кодексті Үкіметпен бірлесе отырып, келесі жылдың аяғына дейін дайындап, қабылдауды тапсырды.

«Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қағидатын бекітті.

Бұған қоса, жаңа тарихи дәуірдегі азаматтық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастырды. Дегенмен қанша жерден сапалы болса да, бұл Азаматтық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленді. Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. 

Әрине, соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде қоғамымыз түбегейлі өзгерді. Осының бәрін ескере отырып, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санаймын. Бұл кәсіпкерлердің, инвесторлардың және азаматтардың алаңсыз жұмыс жүргізуі үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесе отырып, осы маңызды құжатты әзірлеуге тез арада кіріскені жөн. Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келесі жылдың аяғына дейін қабылдаса жөн болар».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар