Британдық актер әрі комик Саша Барон Коэн Қазақстан халқынан кешірім сұрап, «Борат» кейіпкерінің елге ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ол бұл туралы Happy Sad Confused подкастына берген сұхбатында айтты, деп жазады Alash.kz.
Актердің сөзінше, ол «Борат» кейіпкерін сомдаған кезде Қазақстан тұрғындарының шынайы өмірде қалай сөйлейтіні мен күнделікті тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз болған. Сондықтан фильмдегі кейіпкердің бейнесін Қазақстанның шынайы болмысымен байланыстыру дұрыс емес екенін атап өтті.
Саша Барон Коэн қазақстандықтарға құрметпен қарайтынын жеткізіп, фильмдегі әзілдер мен кейіпкердің әрекеттерін жеке қабылдамауға шақырды. Оның айтуынша, Бораттың экрандағы бейнесі Қазақстан халқының шынайы келбетін көрсетпейді.
Актер сондай-ақ «Борат» кейіпкеріне байланысты Қазақстан елшілігінің ресми шағым түсіргенін еске алды. Коэннің пікірінше, ел өкілдерінің мұндай наразылық білдіруі орынды болған.
Еске салайық, Саша Барон Коэн 2006 жылы жарық көрген «Борат: Американың мәдениетін зерттеу үшін Қазақстанның даңқты халқының пайдасына сапар» фильміндегі басты рөлі арқылы әлемге танылды. Картинада Қазақстан ойдан шығарылған әрі шынайы өмірге сәйкес келмейтін бейнеде көрсетілгендіктен, туынды ел ішінде және халықаралық деңгейде сынға ұшырады.
Фильм комедиялық жоба ретінде ұсынылғанымен, оның Қазақстан туралы қалыптастырған стереотиптері ұзақ уақыт бойы қоғамда талқыланып келеді. Актердің соңғы мәлімдемесі осы тақырыпты қайта көтеріп, Қазақстан халқына деген көзқарасын түсіндіруге бағытталған.