Ұлттық банк теңге бағамына рубль динамикасы мен қор биржасындағы сауда-саттықта белсенділіктің төмен болуы аздап қысым жасағанын айтады, деп хабарлайды Alash.kz сайты Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
"2025 жылғы 5 қаңтарда қор биржасындағы сауда-саттықта теңгеге шаққанда 1 АҚШ доллары 525,00 теңге деңгейінде ашылып, 525,00-528,00 теңге аралығында саудаланды. Кешегі сауда-саттық қорытындысы бойынша, 1 АҚШ долларының орташа сараланған бағамы 526,30 теңге деңгейінде қалыптасып, 0,2%-ға әлсіреді. Халықаралық қаржы нарықтары жабық болғандықтан, сауда-саттықтағы белсенділік төмен болып, оның көлемі небәрі 119,5 млн АҚШ долларын құрады", – дейді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Мәселен, оның айтуы бойынша, 2024 жылғы қаңтарда сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 172 млн доллар болған еді, ал 2024 жылғы желтоқсанда 254 млн долларға жетті.
"Нарық қатысушыларының сұранысы негізінен демалыс күндері жинақталған доллар бойынша қысқа позициямен қалыптасты. Сыртқы факторлардан – күшейіп тұрған АҚШ доллары дамушы елдердегі басқа валюталар секілді теңгеге де қысым көрсетіп келеді. АҚШ долларының индексі 108 тармаққа жетті, бұл – екі жылдағы максимум. Осы жағдайдың өзі инвесторлар тарапынан америкалық валютаға қызығушылық артқанын көрсетеді, ал ол бүкіл әлемдегі ұлттық валюталардың позициясына теріс әсер етеді", – дейді ол.