"Қаңтар оқиғасына байланысты тергеу ашық жүріп жатқан жоқ"
14:26, 06 мамыр 2022
274
Human Rights Watch (HRW) ұйымы "Қазақстан 2022 жылғы қаңтарда болған наразылық пен тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан 200-ден астам адамның өлімін тергеуді дұрыс жүргізген жоқ" деп мәлімдеді. Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан халықаралық құқық қорғау ұйымы қаңтар оқиғалары кезінде немесе одан кейін ұсталып, қамауда азап көрген азаматтардың шағымына байланысты қозғалған қылмыстық істер баяу жүріп жатқанын, қауіпсіздік күштерінің бірнеше қызметкеріне ғана заңсыз кісі өлтіру, жазықсыз ұстау және азаптау баптарымен айып тағылғанын айтқан.
"Қазақстан билігі кейінгі төрт айда Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу жүргізіп жатырмыз деп бірнеше рет мәлімдегенімен, жәбірленушілер мен олардың жақындары бұл сөздің шындыққа жанаспайтынын айтып отыр. Мерт болған азаматтардың қазасы бойынша тергеу уақытылы әрі ашық жүрген жоқ, азаптау мен күш қолдану жайлы шағымдарға қатысты іс материалдары бір мемлекеттік органнан екіншісіне өтіп, тергеу процесі ұзаққа созылды, күдіктілер әлі табылмаған" дейді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.
HRW өкілдері 17 қазақстандықпен сөйлескен. Олардың қатарында Қаңтар қырғынында қаза тапқан азаматтардың жақындары, азапталған адамдардың мүддесін қорғаушы адвокаттар, қамаудағы азаптау мен қорлау фактілері жайлы ақпарат жинап, марқұмдардың тізімін (билік қайтыс болған азаматтардың аты-жөнін жарияламаған) жасап жүрген жергілікті құқық қорғаушылар бар. Жақында азаптау туралы шағымдарды қарап жатқан бас прокуратура мен жемқорлыққа қарсы күрес қызметі HRW ұйымының хатына жауап берген.
"КӨШЕДЕГІ ҚАҢҒЫБАС ИТТІ АТҚАНДАЙ ҮНСІЗ ОТЫР"
HRW ұйымы Қазақстан бас прокуратурасы жіберген деректермен бөліскен: "Қаңтар оқиғасы кезінде 232 адам қаза тапқан, оның 149-ы "үкімет ғимараттарына шабуыл жасауға қатысқан", 20-сына "кездейсоқ" оқ тиген". Билік өкілдері қаза тапқандардың тізімін жариялаған жоқ, тек қызмет міндетін атқару кезінде көз жұмған 19 әскеридің ғана аты-жөні аталды. Жергілікті құқық қорғаушылар қаза тапқандар саны ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп екенін айтады.
HRW алдыңғы есептерінің бірінде "Қаңтардың төрті мен алтысы аралығында қазақстандық күш құрылымдары қарусыз наразыларға қарсы кемінде төрт рет оқ жаудырған. Аталған төрт жағдайда он шақты адам қаза тапқан" деп жазған.