Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаңтар көтерілісі – террористік сипаттан ада, жүйеге қарсы халықтың саяси протесті

05:57, 16 ақпан 2022 268
Қаңтар көтерілісінде алаңға шыққан халық революция жолын таңдағаны анық еді. Сондықтан олар орталарына шығып «Үкіметтің жұмыс жасауына мүмкіндік берейік. Сөйтіп өзіміздің талап-тілектерімізді орындатайық» деген Балташ Тұрсынбаевты да, «Үкіметпен келісімге келейік. Талап-тілегімізді айтайық» деген Дикий Арманды да тыңдағысы келген жоқ, бұрылып кетті. Халық тағы да олардан бөлек осы сипатта әңгіме қозғағандардың бәрінен бұрылып жатты. Қәзіргі халық 30 жыл бойы биліктің түрлі жобаларына әбден алданып-алданып кәдімгідей саяси сауатты бола бастаған сияқты. Кімнің кім екенін өздерінше айырып жүр. Мүмкін, Мамайды таяққа жығудың астарында да осы себеп жатса керек. Оған көп жұрт «биліктің жобасы» деп сенбейді. Егер алаңда Әлтаев болған кезде оның жағдайы тіпті қиын болар ма еді, кім білсін?!

Дикий Арман кеш түскенде екінші рет тағы да келіп, «Үкіметпен келісім» мәселесін айта бастап еді жанында тұрған халық оған қарсы айғайлап, ақыры оған қарай пластмаса бөтелке, ағаш атып қуып, соңында төпелеп, жабылып ұруға дейін барып қалды. Дикий қашып, жанындағы жігіттері қорғап, топтан әрең сытылып шығып кетті. Осы жағдайларды өзі алаңға бармаған, оқиғаны әркімнен бір естіген қауым «Алаңға барғандардың ешқандай бір нақты талап-тілегі болмапты, көбі шегіп алған ба бірдеңе екен, біреу ортаға шығып сөйлей бастаса болды көздері қызарып, соларға ұмтылып, ұрмақшы болыпты» деп, сол жағдайларды небір саққа жүгіртіп жатты. Алайда осы сөздер, осы сипаттағы басқа да алып-қашпа әңгімелер алаңда болған көпшілікті түсінбеу, әрі түсінуге тырыспау, тіпті, қорлаумен тең еді. Бұл сөздер олардың жанын жаралап, намысына тимеді деуге болмайды. Тиді. Қәзірде жандарын жаралайды. Иә, олар ортаға шыққандарды тыңдамады, бұрылып кетті, кейбірін ұруға ұмтылды, ызаланды. Себебі, олар халықтың өздерінен күткен сөздерін айта алмады. Немесе оғанға дейін халық алдында жағымды беделі болмады. Халықтың олардан күткені бір ғана сөз еді. Ол – жүйені түбегейлі ауыстыру. Халық «Үкіметпен келісу...» деген сөзді көтере алмады. Осы сөзді олар жек көрді. Бұл – олардың жүйкесіне тиетін ең қасиетсіз, ең әтуерсіз, ең сүйкімсіз, қорлау сөзі болды.

Бәрі айтып отырғандай митинг бастапқыда бейбіт түрде басталды. Аяқ астынан үсті-үстіне көбейіп, қала көшелеріне лықсы толған халықтың саны митингтің соңына дейін бейбіт болатынына оларды сендірді. Алаңда халық көп болса билік санасады деп ойлады. Алайда, оларды алаңда дүрсілдеген шулы граната мен көз бен қолқаны қабатын ащы түтін күтіп алған еді. Бұл дүрсілдеп, өздеріне қарай атылған күш – билік өкілдерінің халықтың талап-тілегін тыңдағысы келмейтіндігінің, ескермейтіндігінің белгісі болды. Бұған халықтың ызасы келді. Ашуына ашу қосылды.

Осы кезден бастап митингтегі халық өз алдына екі жолды таңдай бастады: біріншілері – билік өздеріне қарсы қандай күш қолданса да қақтығысқа бармай, күшке күшпен қарсылық көрсетпей, митингтің бейбіт қалпын сақтау жолы болса; екіншілері – қарсылыққа қарсылықпен жауап беру, қақтығысу, соғысу жолын таңдады. Пайыздық көрсеткіш бойынша біріншілердің саны шамамен митингіге шыққан халықтың 85%-ын құраған сияқты. Екіншілердің саны 10%-ын құрауы мүмкін. Ал қалған 5%-ы митингтің алдын алу үшін билік тарапынан ұйымдастырылған үшінші тараптың адамдары, провокаторлар болды деуге келеді.

Бірішілерінің әрекеті қарасын көбейтіп алаңда тұру, плакат көтеру, саяси-әлеуметтік талап-тілегін айтып, ортада сөйлеу және «атады екен» дегенде, атқанда алаңнан ығысып тарау, қашу сипатында болды. Екіншілері жалаң кеудесімен қорғасын оққа қарай жүгіріп кетті. Олардың қолында ағаш, темір, кейбірінде әскерлерден тартып алған темір қалқан мен дубинкалар болды. Қаза болғандардың көбі де осылардың ішінен кетті. Бұлардың басымы билік тарапынан кіріскен провокаторлардың ылаңына арандаған сияқты.

Қысқаша айтқанда қаңтардағы митинг, Қаңтар көтерілісі осы сипатта болды. Осыған қарап оқиғаға террористік сипат беруге болмайды ғой. Билік о бастан-ақ митингіге шыққан халыққа бір жақты баға бермей, оларды ішінара талдап, саралап қарастырғаны жөн еді. Сонда мәселе бүгінгідегідей ушығып кетпес еді. Кемінде қинау мен азаптау бүгінгідегіден әлдеқайда аз болар еді.

Түптеп келгенде митинг деген дүниенің өзі тек бейбіт сипатта ғана өтпейді ғой. Жағдайға байланысты үлкен қақтығыс, күштік қарсылық сипат алу да мүмкін. Ол бізде ғана емес батыстағы өркениетті елдерде де орын алып жатады. Бірақ олар ондай оқиғаларды терроризммен айыптамапты. Тек саяси протестік сипат деп қана қарастыратын. Бізде де мәселе солай болу керек еді. Билік оқиғаны «халықтың саяси протестік әрекеті» деп баға беру керек еді. Алайда олай болмай шықты.

Анығы, Қаңтар көтерілісі – террористік сипаттан ада, 30 жылдық жүйеге қарсы халықтың таза саяси протесті.

Түбінде тарихтан алатын бағасы да осы болмақ.

Элзат Ескендір
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар