Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаралы хабар: Астанада үстіне кондиционер құлап кеткен жас фельдшер ауруханада көз жұмды

14:11, 18 қараша 2025 229

Астанада үстіне кондиционер құлап кеткен 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауруханада көз жұмды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Қаралы хабарды Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова мәлім етті.

«18 қарашада өзінің кәсіби міндетін орындау кезінде ауыр жарақат алған фельдшер-әріптесіміз қайтыс болғанын қайғыра айтамыз. Тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасының бір бөлігі құлаған кезде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсете отырып, өзі де ауыр жарақат алып, өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

8 қарашадан бері дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп, жағдайын тұрақтандыруға бар күшін салды. Алайда, өкінішке қарай, алған ауыр жарақаттары оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермеді.

Бұл – бүкіл медициналық қауымдастық үшін орны толмас қайғы. Ол өз ісіне адал, батыл, жанашыр әрі нағыз кәсіби маман еді. Соңғы сәтіне дейін қызметтік міндетін орындап, адамдарға көмек көрсетуді тоқтатқан жоқ.

Өз атымнан және басқарма мен бүкіл медицина қызметкерлері атынан марқұмның отбасына және жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Қайғыларыңызға ортақпыз.

Құрметті әріптесіміздің жаны жәннатта болсын, нұрлы бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», - деп жазды басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, 8 қараша күні Астанадағы 9 қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы мен онда орналасқан кондиционер опырылып түсті. Оқиға салдарынан бес адам зардап шегіп, жарақат алғандар арасында жедел жәрдем қызметінің фельдшері Ұлдана Мырзуана да болған еді. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар