Алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай журналист Жанар Байсемізге сұхбат берді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Әлихан, Ахметтер не үшін шетелге кетпей, осы далада өздері атылып кетті? Осы Қазақ елі үшін… Әлиханның заманында башқұрттардың, өзбектердің, қазан татарларының, қырым татарларының, түрікмендердің көсемі, әзірбайжандардың көсемі болған. Сол Әлиханның замандастарының бәрі шетелге кетіп қалды. Мұстафа Шоқай Әлихан мен Ахметке “Келіңіздер, сіздерге Франция саяси баспана беруге дайын” деп хат жазды. Біздікілер барған жоқ. Өйткені Әлиханның ұстанымы “Біз кетіп қалатын болсақ, мына қарапайым халықты қырып тастау оңайға соғады” деді. Олар өле-өлгенше өздерінің өмірімен қарапайым халыққа кепіл болды.
Бірақ бір нәрсе болды. 1928 жылдан бастап бүкіл Ұлт зиялыларын түрмеге қамап тастаған кезде 1930 жылдары Қазақстанда ашаршылық басталып кетті. Түрмеде отырып хат жазып, Сталинге талап қоя бастады. Бірақ түрмеде отырған адамнан қандай қарекет шықсын… Аяқ-қолдары жіпсіз байлаулы болып қалды. Сол кезде қазақтың тең жартысы ашаршылықтан қырылып қалды. Егер сол зиялылар ұлттың тізгінін ұстап тұрғанда бұндай нәрселер болмайтын ба еді деген ой келеді”,- деді Елдос Тоқтарбай.