Араға бір мүшел, бір жылды салып Республика күні қайта оралды. 25 қазан біз үшін неге қастерлі? 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі арнайы қаулы қабылдады. ХІІ шақырылған кеңесте халықтың игі жақсылары «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады. Бұл құжатты сол кезеңде Қазақ елінің азаттығына қарай тамыр жаятын, тәуелсіздігімен тұтасып кететін құқықтық құжат деп қабылдады. Олай дейтін де жөні бар, сексенінші жылдардың жынды желі ырғап-ырғап іргесі сетіней бастаған КСРО-ның құлауына шақ қалған шағы еді.
Қазақ елінің бұл Декларациясына Кремльдің қыш қабырғасында отырған ақ жағалылар «үй ішінен үй тігу» деп қабағын кіржите естігені де шындық. Рас, бұған дейін де егемендігіне ұмтылыс жасаған Қазақ елінің бас көтеруі кезінде Кремль қандай жолмен болса да басып-жаншып, бұғалыққа бой бермегендерді шауып тастаудан тайынбады. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісін алыңыз, тарихи бағасына, өзіндік құндылығына әлі де шынайы қол жеткізе алмай келе жатқан Желтоқсан оқиғасы қаншама қаракөздеріміздің көз жасы мен қанына малынды. Мәскеу қойдан да жуас қазақтың қитығына шоқты баса берудің арты қандай аласапыранға апаратынын 1986-ның ызғарында сезінді. Содан кейін де егемендік туралы Декларациямызды бір емес, бірнеше мәрте қағып тастап, өткізуді тұсап отырды. КСРО жоғарғы Кеңесінің кедергісіне қарамай егемендік туралы декларацияны біздің ел 1990 жылдың 25 қазанында қабылдады. Тағдыршешті құжаттың қабылдануы ел тәуелсіздігін жариялаудың алғашқы нық қадамы еді. Қазақ КСР-нің президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылдың 16 қазанында Жоғарғы кеңестің отырысына қатысқандай былай деген болатын. «Декларациядан тек республикадағы ұлттық мемлекеттілік туралы ғана емес, соған қоса қазақ халқы туралы сөздерді алып тастағысы келетіндермен келісуге болмайды.
Бұл жағдайда біз КСРО құрамындағы басқа ұлттар қатарында иық теңестіре алмайтын болсақ, қазақ халқында түсініспеушілік туындайды. Одақтас республикалардағы кез келген басқа декларацияны алып қарасаңыз, бәрінде ұлттық мемлекеттілік туралы ереже бар. Республика аумағында қазақ халқының саны басым болмағанын ғана негізге ала отырып, аталған құжаттан осы тезисті алып тастау саяси жағынан да дұрыс емес. Өзінің тарихында интернационализм идеясын ұстанатындығын дәлелдеген қазақ халқына мұндай қарым-қатынас жасау қисынға келмейді...» Сол кезде Жоғарғы кеңестің сессиясында Декларацияны қабылдау үшін депутаттардың даусын санағанда 261 халық қалаулысы қолдау білдірсе, 18 депутат қарсы болып, 2 депутат қалыс, 1 депутат дауыс бермеген. Егемендігіміздің алғашқы қарлығашы болар құжатты қабылдауға қарсы болған 18 депутаттың көпшілігі кейін тәуелсіз елімізде тәуменділікпен емес, азат жүріп өмір кешкені анық. 17 тармақтан тұрған «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда мемлекеттік биліктің бастау бұлағы да, егемендіктің дара иесі Қазақстан халқы екені жазылды. Он жеті тармақта елдегі азаматтардың барлығына бірдей құқ берілетіні, экологиялық қаупі жоғары нысандардың жұмысына тиым салынатыны, ең бастысы ұлттық мемлекеттігімізді күшейту, өзге ұлт өкілдерінің де ұлттық құндылықтарын нығайту мәдениеті мен руханиятын, дәстүрі мен салтын сақтап дамытудың саласы бекітілді. Қазақ елінің мемлекеттілігінің барлық атрибуттары айшықталып, ұлттық заңды қабылдауға өріс ашты. 1991 жылдың 16 желтоқсанында осы Декларацияның негізгі ұстыны ретінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы Конституциялық заң қабылданды.
Азаттығымызға қарай алаң ашып берген 25 қазан Республика күнін біз сөз басында айтқанымыздай, 2009 жылға дейін мемлекеттік мереке ретінде атап өтіп келдік. Биылғы жылдың 29 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Өазақстан Республикасының заңына қол қойды. Жоғарғы палата Сенат депутаттары президенттің тікелей бастамасымен туындап, түзетулер енгізілген пакетті, оның арасында 25 қазанды ұлттық мереке – Республикасы күні деп нақтылау туралы норманы бірауыздан қолдап қуаттады. Тоқаевтың Республика күнін ұлттық меркелер санатына қосуы жаңа Қазақстанның тарихи әділдігі орнағанының бір көрінісі десек те болады.
25 қазан біз үшін елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің өрісі болғаны үшін де қастерлі. Әлем картасында Қазақстан деген тәуелсіз мемлекеттің шекаралық сызбасы түсті. Дүниеде жеріміздің көлемі жағынан тоғызыншы орындағы мемлекет тұрпатындамыз. КСРО ыдырағаннан кейін өзне қорған болар ұлттық әскерін құрылымдап, тіуелсіздіктің басты символы саналатын мемлекеттік рәміздерін айқындап, ел басқарудың барлық сала, өрісін өркендетіп, әлем санасатын тұғырлы мемлекетке айналдық. Кезінде бүтінін бөліп, жарты жанын жарып берген кеңпейіл қазақ елінде түрлі этнос өкілдері еш қағажу да, қысастық та көрмей тұрып жатыр. Толернаттылықты ұстанудың үлгісі де ерекше. Конфессияаралық әрі мәдениеттер байланысын үйлестіруде ел ішіндегі саясаттың орнықтылығы да өзгелерді қызықтырады. "Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық" дегенді де қазекем айтқан.
Қазан айы орталанған тұста Астана қаласында "Орталық Азия және Ресей" саммиті өткені белгілі. Көршімен тату тұрып, іргені тарс бүркеніп жатып алу жарамайтынын біздің ел осындай ісімен көрсетті. Азияның орталығына ұйысқан бес мемлекеттің Ресеймен байланысты нығайту жоспары да түзіліп, бастамалар айтылды. "Бастамаларға келсек, әрекеттерді үйлестіру қажет болады. Бізде сыртқы саясат ведомствосы басшыларының деңгейінде шаруа істеп жүрген жұмыс органы бар" деген Қасым-Жомарт Тоқаев көршімен қату емес, тату тұрудың қамында сыртқы істер министрлеріне бірлесе әрекет ету қажеттігін де айтқан.
Елдің тыныштығын күзететін әскеріміз шекарамыздың шебінде мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтып отыр. Сонымен қатар дипломатиялық байланыстың бигіне шыққан Қазақстан бітімгершілік күштерге де қатысып жүр. Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік әс-әрекетіне біздің елдің де әскерін тартады. Мұның барлығы да үлкен сенім артқандықтан. Әңгіме 25 қазан – Республика күнінің мемлекеттік мереке мәртебесін алып, қайта жарқырауынан шығып отыр ғой. Егемендігінің алтын баспалдағы болған атаулы күнді санадан да, тарихтан да сыза алмайсың.
Қуан Есенбай