Әнші Қайрат Нұртастың інісі Заңғар Нұртас әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Ол отбасына қатысты түрлі жағымсыз пікір айтатын оқырманға ренішін білдірді. Әлеуметтік желіде «Қайрат пен Жұлдыз екі жақта жүр. Ал сендер ағаңның ақшасына рақаттанып өмір сүріп жүрсіңдер» деп жазған оқырман хатын жариялап, жауап берді.
«Соңғы кездері осылай жазатын кісілердің саны көбейіп кетті. Әрине, әркімнің өз ойы, пікірі бар. Дегенмен біреудің отбасы жайлы, ол отбасы ішінде не болып жатқанын, анық-қанығын білмей жатып былай жазғандарыңыз дұрыс деп ойламаймын. Мен де отбасымның бақытты, тату болғанын қалаймын ғой! Бірақ менің де, сіздердің де ол кісілердің отбасына араласуларыңыз орынсыз. «Екі жастың арасына есі кеткен түседі» деген қазақта әдемі сөз бар. Көпшілік мені «Қайрат аға, әке-шешесінің ақшасымен өмір сүреді» деп айтып жатады. Дегенмен жігіт адамға ең жат нәрсе жігіт емес, ез болғаны шығар. Бірінші Алла, кейін әке-шешем мен ағамның арқасында жаман өмір көрмедік. Мені оқытып, осы күнге жеткізіп, қармақ бергендері сөзсіз. Менің қалай күн көріп жүргенімді жақындарым біледі. Әрине, ешкімге еш нәрсе дәлелдеудің қажеті жоқ. Дегенмен кейде сөз сүйектен өтіп, осындай пікірлеріңіз жүйкені жұқартады. Түсінікпен қарауларыңызды сұраймын. Біз енді халықтың алдында жүргеннен кейін ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймыз. Дегенмен менің және менің ағаларымның өсіп келе жатқан ұл-қыздарына бұл нәрсе әсерін тигізіп жатқанын ұмытпаңыздар. Бәріңіз бір-бір бала тәрбиелеп жатсыздар. Рақмет», – деді Заңғар Нұртас.