UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың менеджері Саят Абдрахманов спортшының денсаулығы мен алдағы жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның айтуынша, Рахмонов біраз уақыт жарақатына байланысты жаттығудан шет қалған, алайда қазір толықтай қалпына келіп, дайындықты қайта бастаған.
"Шавкаттың денсаулығына байланысты біраз қиындықтар болды. Мамыр айында бізге Белал Мухаммедпен чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс түскен еді. Бірақ жарақат салдарынан ол айқасқа қатыса алмады. Қазір толық қалпына келіп, белсенді жаттығуға кірісті. Болжам бойынша, қаңтардың соңына немесе ақпанның басына қарай толық спорттық бабына енеді. Демек, келесі жылдың басында жекпе-жекке шығуға дайын болады", – деді Абдрахманов.
Айта кетсек, Шавкат Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында өткен UFC 310 турнирінде ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген болатын.