Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Оқулық бизнеске айналып кетті

04:14, 27 қаңтар 2022 263
AlashPress: Сапасыз оқулық, оқулықтың жетіспеушілігі туралы көп айтылады. Бұл мәселе қашан шешіледі? Сіз де оқулықтың сапасы жөнінде депутаттық сауал жолдаған едіңіз.



М.Бақтиярұлы: Оқулық бизнеске айналып кетті. Депутаттық сауалымда айтқанмын, оқулықты белгілі бір мемлекеттік орган жасауы керек. Ал біз олай жасаған жоқпыз. Көкпар тартқандай, бәсекеге салдық та жібердік. Әр баспа өздері автор тауып оқулық жаздырады, өздері дизайнер тауып жасатады, өздері басып шығарады. Нарық заманында бұл былай дұрыс сияқты көрінеді. Бірақ олай болмау керек. Оқулықты әр педагог өзінше жазып, әр баспа өзінше шығарса, білім ала-құла, оқушы да бірдей білім алмайды. Сондықтан, мемлекет мұндай алақұлалыққа жол бермеу керек. Оқулық бір орталықта жазылып, бір ғана баспадан шығу керек. Ол мемлекеттік болу керек. Жеке меншік деген білім саласына жарамайды.

Кеңес үкіметі кезінде «Мектеп» баспасы деген болды. Ыбырай Алтынсарин деген ғылми зерттеу институты болды. Сол орталықта мықты-мықты педагог мамандар жұмыс істеді. Оқулықтың концепциясын солар жасайтын. Бір оқулық 10 жылға дейін жететін. Ал біз жыл сайын жаңа оқулық жаздырамыз. Мемлекеттен миллиардтаған ақша алады. Сондықтан, оқулықты мемлекет қолына алу керек. Жеке меншік баспаға баланың тағдырын сеніп тапсыруға болмайды. Бала осы елдің, осы мемлекеттің болашағы. Оқулық, бірінші кезекте білім, одан кейін тәрбие, сосын идеялогия. Сондықтан, оны мемлекет өзі қолына алып, бір орталықтан шығаруы қажет. Ол орталықта ең білімді педагог, білікті ғалым, мықты редактор, шебер дизайнер жұмыс істеуі керек. Жоғары жалақы төленуі керек.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар