Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Оқ-дәрі бөлігінің зақымдаушы элементтерінен болуы мүмкін» - Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Көлік министрлігі есеп берді

09:28, 26 желтоқсан 2025

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Ақтау маңында дәл бір жыл бұрын апатқа ұшыраған әзербайжандық «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 (4K-AZ65) ұшағына қатысты аралық есепті жариялап, әуе кемесінің зақымдануына оқ-дәрі фрагменттері әсер еткен болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Құжатқа сәйкес, әуе кемесінің корпусындағы тесіктер мен зақымдардың сипаты сыртқы механикалық әсерді, атап айтқанда оқ-дәрі бөліктерінің зақымдаушы элементтерінен болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сонымен қатар тергеу барысында ұшақ бөлшектерінен жарылғыш заттардың іздері анықталмаған, ал борттағы оттегі баллондарының жарылыс белгілері байқалмаған.

Комиссия мәліметінше, ұшақтың гидравликалық жүйесі қатты заттардың соққысынан металдың жыртылуы нәтижесінде істен шыққан. Орталық техникалық қызмет көрсету компьютері жоғары температураның әсерінен зақымдалғандықтан, ондағы деректерді оқу мүмкін болмады. Тергеу тобы борттық жазғыштар мен ұшу параметрлерін зерттеп, оқиға орнында тиісті сараптамалық жұмыстарды жүргізді.

Апат себептерін анықтау жөніндегі комиссия 2024 жылғы 26 желтоқсанда Көлік министрінің бұйрығымен құрылған. Тергеу процесіне Әзербайжан, Ресей, Бразилия өкілдері және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) бақылаушысы қатысуда.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Баку – Грозный бағыты бойынша J2-8243 рейсін орындаған ұшақ апатқа ұшырап, салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы жарақат алған болатын. Қаза болғандар арасында Әзербайжан, Ресей және Қазақстан азаматтары бар.

Бұған дейін Ресей Президенті Владимир Путин апаттың Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері қолданған зымыран салдарынан болғанын растаған еді. Тергеудің түпкілікті есебі жұмыстар аяқталған соң Көлік министрлігінің ресми ресурсында жарияланады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар