«Шымбұлақ» тау шаңғысы курортындағы мейрамханалардың бірінде қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартып, қоғамның ашуын тудырған қызметкер жұмыстан босатылып, өз әрекеті үшін қазақстандықтардан ресми түрде кешірім сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға мейрамхана қызметкері Еленаның клиентке: «Мен КСРО-да туғанмын және сіздердің тілдеріңізде сөйлеуге міндетті емеспін» деп жауап беруінен басталған. Бұл сәт бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желілерде кеңінен таралды.
Қазақ тілінің мәртебесі үшін күресіп жүрген белгілі заңгер Мейірман Шекеев аталған мейрамханаға барып, конституциялық тұрғыда оң жұмыстар жүргізгенін желіге жариялады. Артынша, GUSTO әкімшілігімен болған жағдайға байланысты шұғыл мәлімдеме жасап, келушілерден кешірім сұрады және аталған қызметкермен еңбек шарты тоқтатылғанын хабарлады. Даулы оқиғаның бас кейіпкері Еленаның өзі де видеоүндеу жариялап, өз ісіне өкінетінін жеткізді:
«Мен бүкіл елге үндеу жасап, орынсыз айтылған сөзім үшін кешірім сұрағым келеді. Мен де Қазақстан азаматымын. Эмоцияға беріліп, КСРО-да тудым деп айтқаным үшін өз халқымнан кешірім сұраймын. Ешкімнің намысына тигім келген жоқ, сондықтан мені кешірулеріңізді өтінемін», - деді ол.
Қазіргі уақытта мейрамхана басшылығы қызмет көрсету сапасы мен этика нормаларын сақтау бойынша қосымша шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Мейірман Шекеев мәселе төңірегінде былай деп жазды:
Осы оқиғаға дейін де, кейін де сол жерде ас мәзірінің қате, көрнекі ақпарат тек орыс тілінде екеніне де ешкім бас ауыртпады. Енді мен нақты талап етіп кеткеннен соң ғана түзелмек. Барлық жерде осыған назар аударыңыздар, талапшыл болыңыздар. Сонда ғана олар түзеледі. Екі қазақ бір-бірімізбен өзге тілде сөйлесуді доғара бастайық. Ол ұят ретінде қалыптасуы керек.
Десе де біздің қисық тілдік заңмен, бұның өзі де жеңіс!!!
Ия, 2-3 күнде, GUSTO мейрамханасының көрнекі ақпараттары, ас мәзірі, толық тілдік заңнамаға сәйкес қайта жасалатын болды.
Ал мені қолдап, шынайы ризашылығын білдіріп жатқан жандарға, барлығыңызға рақмет!!!
2026 жыл Қазақ тілі болып жариялансын!!!