АҚШ әскерилері Нигерияның солтүстік-батысындағы Ислам Мемлекеті содырларына жойқын соққы берді. Президент Дональд Трамп бұл операция христиандарды жаппай өлтіруге қайтарылған қатаң жауап екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Дональд Трамп соққының оның тікелей бұйрығымен жасалғанын растап, Truth Social әлеуметтік желісінде мынадай мәлімдеме жасады:
«Бүгін кешке менің Бас қолбасшы ретіндегі бұйрығыммен АҚШ Нигерияның солтүстік-батысындағы Ислам Мемлекеті содырларының қатарындағы арамзаларға қуатты, әрі жойқын соққы берді. Олар көптеген жылдар, тіпті ғасырлар бойы болмаған ауқымда жазықсыз христиандарды аяусыз өлтіріп келді. Мен бұған дейін бұл террористерге ескерткен болатынмын. Егер, олар христиандарды өлтіруді тоқтатпаса, оған өте қымбат құн төлейді. Бүгін кешке сол айтқаным орындалды».
АҚШ Қарулы Күштерінің Африкалық қолбасшылығы бұл соққының Нигерия тарапының өтініші бойынша жасалғанын растады. Ресми мәліметтерге сәйкес, шабуыл нәтижесінде «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) тобының бірнеше содырының көзі жойылды.
Пентагон басшысы Пит Хегсет Нигерия билігіне көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да осындай операциялардың жүргізілуі мүмкін екенін жоққа шығармады.