Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Өңірлердегі тұрғын үй құрылысы: өзгерістер мен жаңалықтар

18:50, 28 қыркүйек 2024 707

Қазақстанда тұрғын үй мәселесі әлеуметтік маңызды проблемалардың бірі болып қала бермек. Елдің экономикалық және демографиялық өсуіне байланысты, тұрғын үйге сұраныс артып келеді. Осы орайда, мемлекет тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған бірнеше бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Қуатты өңірлерді дамыту жобасы аясында өңірлердегі халықтың тұрмыс сапасын, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі басты назарда. 2024 жылы қолжетімді тұрғын үй саласында маңызды өзгерістер мен жаңа бастамалар орын алды. Олардың бірі "Шаңырақ" бағдарламасы 2024 жылы өзекті болып отыр. Бұл бағдарлама Қазақстан азаматтарына төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотека алу мүмкіндігін ұсынады. Алғашқы жарнаны жинау кезінде мемлекет тарапынан субсидиялар бөлінеді. Бұл бағдарлама әсіресе ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға бағытталған, себебі ауыл тұрғындарының баспаналы болу мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі ерекше маңызға ие. Бағдарламаға қатысу үшін жергілікті әкімдіктердегі тұрғын үй кезегінде тұру қажет.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы. Бұл бағдарлама әлеуметтік жағынан осал топтарға, яғни көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі балалары бар жанұяларға бағытталған. 2024 жылы мемлекет аталған санаттағы азаматтарға тұрғын үйді төмен пайыздық мөлшерлемемен (2-5%) несиеге алу мүмкіндігін берді. Сонымен қатар, алғашқы жарнаны өтеу үшін арнайы субсидиялар қарастырылған. Бұл бағдарлама ауылды жерлер мен шағын қалаларда ерекше белсенді жүзеге асып отыр, себебі осы өңірлерде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту басты назарда.

Өңірлердегі тұрғын үй құрылысы

2024 жылы Қазақстанның әрбір аймағында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аймақтардағы халық санының өсуі мен урбанизацияның артуы тұрғын үйге деген сұраныстың ұлғаюына себеп болды. Мысалы, Алматы және Астана сияқты мегаполистерде көпқабатты үйлердің құрылысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Мұнда "7-20-25" бағдарламасы да тиімді қолданыста. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде ауылдық жерлерде жеке тұрғын үй құрылысы белсенді жүзеге асырылуда.

Жергілікті әкімдіктердің бағдарламалары да маңызды рөл атқарады. Әкімдіктер арнайы тұрғын үй сертификаттарын ұсынады, бұл сертификаттар арқылы ипотекалық кредиттер бойынша алғашқы жарнаны төлеуге көмек көрсетіледі. 2024 жылы осындай қолдау шаралары аймақтарда кеңейтілді, әсіресе ауылдық елді мекендерде тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін мемлекеттік қаржыландыру көлемі артты. Мысалы: Жетісу облысы әкімдігі мен Отбасы банк серіктестігі нәтижесінде «Жерұйық» өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама облыстағы аудандардың, ауылдық елді-мекендердің тұрғындарының қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілуіне үлес қосады. Сонымен қатар, өңірлердегі жастардың дамуына, тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне қарай Алматы жастары, Елорда жастары, Әулие ата жастары, Алатау жастары сынды тұрғын үй бағдарламалары белсенді жұмыс істеуде.

Мемлекеттік бағдарламалармен қатар, жеке құрылыс компаниялары да қолжетімді тұрғын үй жобаларын іске асырып келеді. 2024 жылы бірнеше ірі құрылыс компаниялары аймақтық тұрғын үй кешендерін салуға кірісті. Бұл кешендер қазіргі заманғы талаптарға сай салынуда, тұрғын үйлердің қолжетімділігі артып келеді. Жеке меншік тұрғын үй жобаларының көпшілігі орта және төмен табысты азаматтарға бағытталған.

Сонымен қатар, мемлекеттік-жеке серіктестік (МЖС) аясында жүзеге асырылатын жобалар саны көбейіп жатыр. Жеке сектордың қатысуы тұрғын үй құрылысындағы инновацияларды енгізуге және құрылыс мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

2024 жылы ипотекалық кредиттерді беру шарттары жақсарды. Екінші деңгейлі банктер мен мемлекеттік ипотекалық компаниялар арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде пайыздық мөлшерлемелер төмендеді. Бұл халықтың тұрғын үй алуға деген қызығушылығын арттырып отыр. Әсіресе ауылдық жерлерде "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары үшін жеңілдетілген несие шарттары ұсынылды.

2024 жылы Қазақстанда қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді. Мемлекеттік бағдарламалар әлеуметтік осал топтарды, жас отбасыларды және ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, аймақтарда тұрғын үй құрылысының белсенді дамуы тұрғын үйге деген сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін маңызды қадам болып табылады.

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар