Алматыда әскерге небәрі бір апта бұрын шақырылған Нұрасыл Ануардың қазасы қоғамда да, туыстары арасында да үлкен күмән туғызды, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұмның жақындарының айтуынша, 22 жастағы Нұрасыл 2025 жылдың 27 қыркүйегінде мерзімді әскери қызметке алынған. Ол Отан алдындағы борышын өтеуді үлкен жауапкершілікпен қабылдап, “елге қызмет ету – абырой” деп санайтын.
“Біз оны әскерге жібергіміз келмеді, жүрегіміз бір нәрсені сезгендей болды. Бірақ Нұрасыл азаматтық борышын өтеуге өзі асықты. Әскерде болу – ол үшін мақтаныш еді”, – дейді марқұмның туыстары.
Алайда отбасы “менингококцемиядан қайтыс болды” деген ресми нұсқаға сенбейді. Туыстарының сөзінше, Нұрасыл әскерге дейін де, қызмет барысында да дені сау болған. Оның ауырып жатқаны туралы ешқандай хабар келмеген.
“Таңертеңнен бері денесін де көрсете алмай отырмыз. Нұрасыл өте мейірімді, адал, жарқын жан еді. Әділдікке сенетін, өмірді жақсы көретін. Оның өлімі – біздің отбасымыз үшін орны толмас қаза”, — деді марқұмның жақындары.