Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаралы хабар: Бар қазаққа танымал әнші, Қазақстанның халық әртісі көз жұмды (ФОТО)

15:42, 06 қазан 2025 1150

Белгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Майгүл Ибрагимқызы Қазтұрғанова дүниеден өтті. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

“Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Майгүл Ибрагимқызы Қазтұрғанованың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады.

Майгүл Ибрагимқызы – қазақтың дәстүрлі ән өнерін өркендетуге үлес қосқан қайталанбас дауыс иесі, ұлт мақтанышы еді. Ол халықтық және кәсіби композиторлардың таңдаулы туындыларын асқан шеберлікпен орындап, ұлттық мәдениетіміздің бай қазынасын әлемге танытты.

Өнер жолын әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде бастаған Майгүл Ибрагимқызы өмір бойы қазақ өнерінің абыройын асқақтатуға адал қызмет етті. Оның орындауындағы шығармалар ел жүрегінен орын алып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылды.

Өмірін ұлттық мәдениет пен руханиятқа арнаған абзал жанның адамдық болмысы, өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен ізгілігі кейінгі буын жастарға өшпес өнеге болып қала бермек.

Майгүл Ибрагимқызының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталады деп сенеміз.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын!”,- делінген хабарламада. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар