Кореяның Чхунчхон қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ITF Juniors J200 санатындағы халықаралық турнирде қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы топ жарып, чемпион атанды, деп хабарлайды Alash.kz.
Әлемдік рейтингте 25-орында тұрған қазақстандық спортшы жарысқа бірінші нөмірлі теннисші ретінде тіркелген. Финалда ол жергілікті спортшы Мин Хук Чонды 6:3, 6:4 есебімен сенімді түрде жеңді. Ерекше атап өтерлігі, турнир бойы Заңғар қарсыластарына бірде-бір сет бермей, мықтылығын дәлелдеді.
Бұл жеңіс Заңғар Нұрланұлының ITF Juniors сериясындағы алтыншы жеке титулы болды. Бұған дейін ол J100 Aizkraukle, J200 Shymkent, J100 Izmir, J30 Tsaghadzor, және J30 Trnava турнирлерінде де топ жарған.
Алдағы аптада талантты спортшы Кореяның Вонджу қаласында өтетін ITF Juniors J300 турнирінде өнер көрсетпек. Бұл дода 18 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы бейресми Азия чемпионаты мәртебесіне ие.