“Жұлдыздар отбасы” және “Аңыз адам” журналдарының негізін қалаушы, журналист Жарылқап Қалыбай ауыр дертпен күресіп жүргелі алғаш рет ел алдына шығып, жағдайын айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналист өз халі туралы Аман Тасығанға берген сұхбатында ашық баяндады. Оның айтуынша, бес жыл бұрын бойынан қатерлі ісік анықталған.
“Обыр – өте қауіпті дерт қой. Туыстарымның көбісі осы аурудан көз жұмды. Бірақ өзім оған тап боламын деп ойламаппын. Обырдың жүзге жуық түрі бар екен, соның біріне қалай шалдыққанымды да білмей қалдым. 2004 жылы ота жасатқан едім, сол кезде В гепатитін жұқтырыппын. Бұл дерт бауырды 10-15 жылда циррозға жеткізеді екен. Сөйтсем, мен онымен 20 жылдан астам уақыт өмір сүріппін. 2020 жылы ковидтен кейін обыр анықталды. Содан бері бес жыл бойы ем алып келем. Түркия мен Үндістанда да емделдім”, – деді журналист.
Жарылқап Қалыбайдың айтуынша, шетелдік емін жалғастыру үшін 250 мың доллар қажет. Алайда бір ай ішінде бар болғаны 3 миллион теңге ғана жиналған. Ол кезінде өз басылымдары арқылы атаққа ие болған өнер жұлдыздарының ешқайсысы хабарласпағанына қынжылысын білдірді.
“Ешқандай әнші хабарласқан жоқ. Мен өзім ғылымның адамы едім. ҚазҰУ-де сабақ бердім. Кейін газеттер, журналдар шығара бастадым. “Жұлдыздар отбасы” газетін шығарғанда халықтың ықыласына бөлендім. Алғашқы санына Тоқтар мен Бейбіттің фотосын бастым, халық дүрлігіп кетті. Тираждар көбейді, сұраныс артты. Бірақ өмір болған соң түрлі жағдай болады екен. Саясатқа араласқаннан кейін әншілер менен алыстай бастады. Олардың кейбір әрекеттерін сынға алып, пікір білдіргенім ұнамаған болуы мүмкін. Сол үшін қазір әнші-әртістермен достығым жоқ деп айта аламын”.