Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ожаумен, сыпырғыштың сабымен, тоқпақпен және күрек сабымен ұрған" - Қарағанды облысында жетім балаларға жасалған қатыгездік бойынша үкім шықты

18:46, 04 маусым 2026

Қарағанды облысында бірнеше жыл бойы қамқоршылыққа алынған жетім балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық фактілері бойынша сот үкімі жарияланды, деп жазады Alash.KZ

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2018–2023 жылдар аралығында алты бала ауыл мектебінің директорына тиесілі отбасында тәрбиеленген.

Алайда балаларға көрсетілуге тиіс қамқорлық пен қолдаудың орнына, олар ұзақ уақыт бойы физикалық және психологиялық қысымға ұшыраған. Сот барысында тәрбиеленушілердің жүйелі түрде соққыға жығылып, түрлі жазалау әдістеріне тап болғаны анықталды.

Сот деректерінде балаларды қолмен және әртүрлі заттармен — ожаумен, сыпырғыштың сабымен, тоқпақпен және күрек сабымен ұрғаны айтылды.

Іс материалдарына қарағанда, балаларға болмашы қателіктері үшін ауыр үй шаруалары жүктеліп, олардың еңбегі тұрақты пайдаланылған. Сонымен қатар, жәбірленушілер өздеріне қатігездікпен қаралғанын, кейбір жағдайларда денелерін ыстық сумен күйдіргенін және қорлайтын жазалар қолданылғанын айтқан.

Сот-медициналық сараптамалар балалардың денелерінде көптеген жарақат іздері қалғанын көрсетті. Кейбір тәрбиеленушілердің денесінен ондаған тыртық анықталған. Зардап шеккендердің бірі ауыр соққыдан кейін денсаулығына орны толмас зиян келтіріп, мүгедектік алған. Ал тағы бір балаға психологиялық жарақаттардың салдарынан психикалық дерт диагнозы қойылған.

Тергеу барысында аталған әрекеттерге отбасының кәмелетке толмаған қызының да қатысы болғаны белгілі болды. Бұл жайт сотта жеке қарастырылған.

Сот істің барлық мән-жайын зерттей отырып, кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шешім қабылдады. Бұл оқиға қоғамда жетім және қамқорлықтағы балалардың құқықтарын қорғау мәселесін қайта көтеріп, мемлекеттік бақылау тетіктерінің тиімділігіне қатысты сұрақтар туындатты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар