Атырауда түзету мекемесінде соққыға жығылып қаза тапқан сотталушының өліміне қатысты сот процесі басталады, деп хабарлайды Alash.kz.
27 тамызда Атырау облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында №15 мекемеде қаза тапқан 51 жастағы азаматтың ісі қарала бастайды. Айыпталушылар орындығына бес сотталушы отырғызылды.
Бұл істе ерекше сәйкестік бар. Қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина жүргізеді. Дәл осы судья осыдан үш жыл бұрын марқұмның өзіне 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен болатын. Өгей қыздарына қатысты аса ауыр қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан ол 2026 жылдың 22 наурызында мекемедегі сотталушылар арасындағы жанжал кезінде мерт болды.
Еске сала кетейік, марқұмды соңғы сапарға шығару рәсімі «Иманғали» мешітінде өтіп, жаназа намазына жүздеген адам жиналған еді. Енді судья 51 жастағы азаматтың өліміне қатысты оқиғаның мән-жайын анықтап, айыпталушылардың әрқайсысының жауапкершілік деңгейін айқындайтын болады.