Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Назарбаев кланының адамы қызметтен кетті

04:26, 16 тамыз 2022 248
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде тауар бағасы қымбаттап, қант тапшылығы болып жатқан тұста Бақыт Сұлтановты премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі қызметінен босатты.



14 шілдеде үкімет отырысында Тоқаев "елдегі дүкендерде болып жатқан жағдайға байланысты" Сұлтанов пен ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған. Араға бір ай салып, Тоқаев Сұлтановты қызметінен алды.

Тоқаев министрлерге сөгіс жариялағанда "үкімет бағаны тұрақтандыру үшін дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ, азық-түліктің кейбір түрі бірден 80 пайызға қымбаттап кетті" деп "кейбір тауарлардың, соның ішінде қанттың дүкен сөрелерінен жоғалып кеткенін" сынға алған.

Тоқаевтың жарлығымен Серік Жұманғарин премьер-министр орынбасары – сауда және интеграция министрінің міндеттерін атқарушы болып тағайындалды. Ол бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы қызметінен босатылды.

Қазақстан қант бойынша шетелге тәуелді. Нарықтағы қанттың 90 пайызы импортталады. Елге қанттың 70 пайызы Ресейден келеді.

Украинаға басып кірген Ресейге Батыс елдері санкция салғаннан кейін Мәскеу азық-түліктің кейбір түрін, соның ішінде қантты экспортқа шығаруды шектеген. Қазақстанның бірқатар аймағында қант бағасы күрт өсіп, сауда орындары тұтынушыға қантты шектеп сата бастаған. Қазақстан кондитерлері шикізат бағасы өсіп кеткендіктен тығырыққа тірелгенін айтып шағынған.

26 шілдеде өткен брифингте журналистер Бақыт Сұлтановтан "соңғы рет қашан қант сатып алғанын" сұрағанда ол "қантпен шай ішпейтінін, шайды балмен ішетінін" айтқан. Оның бұл сөзі желіде қызу талқыланған.



 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар