Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің оқушылармен және ата-аналармен мессенджерлердегі қарым-қатынасын шектеуді ұсынды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Stan.kz мәлімдеуінше, депутаттар мұғалімдерді оқушылармен, ата-аналармен және білім беру мекемесінің әкімшілігімен міндетті түрде мессенджерлер арқылы хат алмасудан босататын заң жобасын әзірледі. Құжат үкімет қарауына жіберілген.
“Сағат түнгі үште де хабарлама жазып, бірдеңе талап етуі мүмкін. Бұл жағдай мұғалімнің мәртебесіне қалай әсер етеді? Чатта 25 бала отырады, олар кейде қателесіп, суреттер, анекдоттар, қалжыңдар, түрлі құттықтаулар жібереді. Мұның барлығы мұғалімнің жалпы әл-ауқатына, зейініне, назарына қалай әсер етеді? Ол да жұмысынан кейін демалуы керек қой. Оның да балалары бар, жеке өмірі бар. Ата-аналар чаттарында не болып жататынын бәріміз жақсы білеміз”, – дейді депутат.
Аймағамбетовтің пікірінше, мұғалімдерді чат жүргізу міндетінен босату қажет. Депутат шетелде ұстаздар мен ата-аналар көбіне электронды пошта немесе арнайы ресми LMS жүйелері (Қазақстандағы баламасы Kundelik.kz) арқылы байланыс жасайтынын атап өтті.