Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Magnum-ға қарсы бойкот: мемлекеттік тіл мәселесі қоғамда тағы да қызу талқылануда

14:42, 09 сәуір 2025 4567

Қазақстанда Magnum сауда желісіне қарсы бойкот жариялау бастамасы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды ALASH.kz

Бұл бастаманың туындауына компания курьерінің клиенттен қазақ тілінде сөйлеуді талап еткені үшін жұмыстан босатылуы себеп болды.

Оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, халық арасында қызу пікірталас тудырды. Көптеген азаматтар Magnum компаниясының бұл әрекетін әділетсіз деп бағалап, бойкот жариялауға шақырды. Қолдаушылардың пікірінше, бұл жағдай – елімізде мемлекеттік тілдің шетқақпай көріп отырғанының айғағы.

Компания өкілдері бұл шешімнің тілге емес, қызметкердің клиентпен сөйлесу әдебіне байланысты қабылданғанын мәлімдеді. Алайда мұндай түсініктеме жұртшылықтың ашуын баса алған жоқ. Белгілі қоғам қайраткерлері — Шыңғыс Мұқан, Дос Көшім, және өзге де танымал тұлғалар бойкотты қолдап, әлеуметтік желілерде өз ұстанымдарын білдірді.

Instagram мен TikTok платформаларында #magnumбойкот хэштегімен жазбалар жарияланып, @magnum.kz аккаунты жаппай белгіленуде. Қоғам белсенділері мен қарапайым қолданушылар Magnum дүкендерінен бас тартуға шақыруда.

Бұл жағдай — Қазақстанда мемлекеттік тілдің мәртебесі мен оны күнделікті өмірде қолдану мәселесін тағы да алдыңғы қатарға шығарды. Көпшілік мемлекеттік тілге деген құрметтің маңызын баса айтып, тіл саясатына нақты өзгерістер қажет екенін айтуда.

 
 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар