Олжас Бектенов өңірлердегі қажеттіліктерді ескере отырып кадрларды даярлау мен сертификаттаудың салалық кластерлерін құруды тапсырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Үкіметтің хабарлауынша, Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдерге арналған Үкімет отырысында бірқатар тапсырма берді.
«Кадр тапшылығын еңсеру және білім беру жүйесі мен бизнестің нақты сұраныстары арасындағы алшақтықты жою үшін жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтардың қажеттіліктерін білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерімен үйлестіру қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.
Оқу-ағарту министрлігіне Еңбек министрлігімен, «Атамекен» ұлттық палатасымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әрбір өңірде экономиканың басым салалары бойынша кадрлар даярлау және оларды тәуелсіз сертификаттау жөніндегі салалық кластерлер құру тапсырылды.
«Өңірлердің және жаңа жоғары технологиялық өндірістердің нақты қажеттіліктеріне сәйкес кадрларды барынша тиімді даярлау үшін колледждердегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде қажетті жұмыс орындарының нақты санын айқындау қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ол үшін Еңбек, Оқу-ағарту және Ғылым министрліктері мен өңір әкімдіктері өндірістердегі жұмыс орындарының түрлері мен санын жыл сайын болжау бойынша жүйелі талдау жұмыстарын жолға қоюы қажет.
Деректер тұрақты түрде жаңартылып, Enbek.kz ақпараттық жүйесінде орналастырылуға тиіс.
Жалпы үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.