Жетісу облысында жыл басынан бері 584 бас мал ұрланған, деп жазды Alash.kz.
Жетісу облысында жыл басынан бері мал ұрлығы бойынша 62 қылмыстық іс тіркелген. Осы кезеңде 173 ірі қара, 299 ұсақ мал және 112 жылқы, барлығы 584 бас мал ұрланған.
Polisia.kz мәліметінше, полиция қызметкерлері оның 352-сін иелеріне қайтарған. Сонымен қатар тоғыз қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, 29 күдікті ұсталған. Мал ұрлығы бойынша қылмыстардың ашылу деңгейі 84,5 пайызды құраған.
Тіркелген 62 қылмыстың 46-сінде мал жайылымнан жоғалған. Осыған байланысты полиция мал иелерін төрт түлікті қараусыз қалдырмауға шақырды.
Құқық қорғау органдары мал жоғалған жағдайда бірнеше күн күтпей, бірден полицияға хабарласуға кеңес берді.