Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жүсіпбек Аймауытов: Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесi – көркем өнердiң басты тақырыбы

18:02, 16 наурыз 2024 423

Төменде назарға ұсынылып отырған Жүсіпбектің әдебиет туралы екінші хаты. Араб харпінде жазылған қазақша мәтінінің көшірмесі. Жазуы таңба сияқты анық, сұлу. Өкінішке орай хаттың кімге арналғаны туралы бастапқы жолдар таспадан хатқа түсіргенде өшіріліп кетіпті. Негізінен бұл хат Абдолла Байтасовқа, не Қошке Кемеңгеровке жолданған.

Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды. Байлар да қайғырады. Әсіресе қазақ өмірінде бұл өте ажыратылмаған іс. Қазақтың тағдыры ортақ. Мен өзім де кедей боп өстім.

Сонда көргенім, кедей жігіттері жаман аяғымен, байдың жақсы төсенішін былғайды. Тілегенін сұрайды. Қызының, қатынының қойынына барсам ба деп дәме қылатындар да бар. Осылай жүрген еркектерде байдан бөтен дүниеге көзқарас болуға мүмкін бе? Сірә, біздің жас марксшілер үлкен кітаптарды оқып алады да: «Мынау қазаққа келеді екен»,- деп жалшының, не мұжықтың көзімен қазақты өлшейді.

Марксті біздің жігіттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болумен тәжірибешіл болудың арасы алыс. Біздің Ғаббас алдыңғысы болар деймін. Әуелі қазақты оқу керек. Қазақты білемін дегенмен көбіміз біле бермейміз, оны мен Бройданың кітабынан көріп отырмын. Біз анық біле алмай, көмескіленген нәрселерді ол анық айтып отыр. Қазақ - ұйымсыз, қазақ - берекесіз, қазақ - ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе түбірленбей тұрғанда біз де даудың шегі болмайды.

Тағы бір қосылмайтын жерім: «Ақын - таптыкі ғана болады. Бірақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады»,- деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалды. Неге байшыл, неге діншіл болуға міндетті? Отаршылық зардапты бай, кедей, ұлт болып тартқан жоқ па еді. Жерінен бай да, кедей де қуылған жоқ па еді? Малы жоғалса хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп, өлгені - өлген жоқ па еді. Ұлт мұңы бұрын бір емес пе еді? Бір болғандықтан да, Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Міржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкіметіне қарсы болып келген жоқ па еді? Осы өткен ақындардың бәрін байшыл, кедейшіл қылып алып, одан кейін Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелі (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан байшыл, Міржақып байшыл, Бейімбет кедейшіл деген сөз бола ма?

Төңкерістен бұрын, деген қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейімбет те бәрі де ұлтшыл болып жазып жүрсе, енді кедейді бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ала ма? Әдебиеттің сұйылуы боялудан шығады деп білемін. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес, етікші. Рас, пікір жүре өзгереді. Орыс жазушыларының да кейбірі төңкерістен кейін жарамсақтанған, олардың ішінде жарамсақтықтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пікірі соншама күрттен өзгергендей жағдай болған жоқ: өйткені төңкеріске біз көлденеңнен қосылдық. Ащылы, тұщылы тауқыметін басымыздан көшіргеміз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерістің маңызын, дәмін тата алмай (...) қалдық. Сол дүрмекпен әлі келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзіміз үйлеспей жатыр.

Мен өз басымдағыны айтайын. Өзім нағыз кедейдің баласымын. Бай туысқандарымнан зорлық, қысым көріп өстім. Балаң орыс болып кетеді, солдатқа алып қояды деп, немере ағам орысша оқытқызбаған. Өз баласын орысша оқытып жүріп, мені оқытпаған. Сөйтіп мен, байға, жуанға өш болып өстім. Бірақ, жүре, оқи, көз ашыла келе, байдың да, кедейдің де орыстан көрген қорлығын көрдім. Шорман ауылының Қаракөл деген ата қонысын, Баян төңірегіндегі қазақтың шұрайлы жерлерін келімсектер алды, оны мен естідім де, көрдім де. Орыс стражниктерінен, полицейлерінен қазақтың талай таяқ жегенін көрдім. Ана жылғы Қарқаралыға хохолдан қорқып, қашып келіп жүрген Жетпісбайлар есімде. Хохол жоғалған малы үшін оның (надан адам ғой) атын тартып алса, ол сотқа берген ғой. Сотқа беретін неме екенсің деп, хохолдар оның аулына жиналып келіп өлтірмек болған. Содан (ҮІІ том 148-бет) қорқып, қыстай үйіне жолай алмай жүрді ғой. Ақмола үйезінде Төкіш деген бір кедей әнші бар еді. Жақ жоқ әнші еді. Соның ауылын малы жоғалған хохолдар шауып, Төкішті тепкілеп өлтірген.

Бұлар 22-23 жылдардағы оқиға. Осыларды көріп, естіп тұрып, қалай тапқа кісенделерсің? Кеше ғана осы жылдың сентябрінде Қарқаралының алты кедейі Қояндыдан Орынборға жылқы айдауға бір орысқа жалданып келе, мұнда келген соң орыс ақысын бермей қашқан да кеткен. Олар мені тапты. Біреуі ана жылы Торғайға мал айдауға жалданған, мені білетін Сәбікей деген жігіт екен. Сорлы кедей қаңғып, зарлап қайтып кетті. Қолдарында түк белгі жоқ. Не қыларсың?

Осының бәрі жүзден бірі. Бәрін көріп, естіп жүрсің. Қай қазақ хохолдың жерін тартып алды, үйінен бездірді? Ауылына ат ойнатты, өлтірді, ақысын бермей, сауырға бір салып қоя берді? Мұнша зорлықты кім істеп отыр? Осының бәрін көре, біле тұра - кімшіл болу керек?

Рас, бұқарашыл болу керек. Байды мақтауға болмайды. Өзім байдан жақсылық көргем жоқ, байды жақтап жазғам жоқ. Бірақ мен тап ақыны бола алармын ба? Менің миымдағы перне шұп-шұбар. Сыртқы әсерден миымдағы іздер де бар. Ол іздермен жүрмесіме мүмкін бе? Ғаббас қалай жүргізбейді екен? Құлағымнан, көзімнен миға хабар жеткізетін жүйкелерімді (нерв) кесіп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемді мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзінше ойлатам деу қиянат.

Рас, қазақ кедейі теңдікке жетті, жетілді. Жаңа тұрмысқа аяқ басты. Бірақ екі зорлықтан әлі айырылған жоқ, жуықта арыла алмайды - бірі: өз байынан көретін зорлық, бірі - жатынан көретін зорлық. Соңғыны айтайын десең, ұлтшыл болып шығасың, немесе, байшыл боласың. Бастапқыға қанағат етуге болмайды. Қашаннан қалып қалған нәрсе, тұрмыс талқысымен болмаса, бұдан оңай шыға қоймайды. Шыға қойса, әлгі алты кедей неге сандалып қалды? Қағаз жүзі мен өмір жүзін айыру керек. Ғаббас, Әбдірахмандар қағаз жүзін алса, мен өмір жүзін алғым келді. Міне, менің пікірім осы.

Мен осы пікірімді газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өріс берер, бермесін білмеймін. Ішімде қайнап жатқанша тым болмаса, сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пікіріңді жаз. Теріс, бұрысын көрсет! Бұл пікірімді Ғаббасқа да айт. Жөні келсе, керек жерін оқып жібер.

Ордадан хат-хабар алмаймын. Сенімен жазысып тұрайық. Сен не оқып жүрсің? Жақсы кітап болса маған жібер. Мұхтардың адресін білсең, жазып жібер. Балалар аман. Тұрмыс сәл, жалақы - 72 сом. Тезірек хат жазарсың. Қош, сүйдім. Жүсіпбегің. Адрес: Орынбор, Совет көшесі, дом 51. Астыңғы қатар. Маған. Орынбор, 2 январь".

Жүсіпбек Аймауытов,

Дереккөз: Тұрсын Жұртбай «Ұраным - Алаш!..», 2-нші том

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар