Израиль Сыртқы істер министрлігі Ұлыбритания, Канада және Аустралияның Палестина мемлекетін біржақты тану туралы мәлімдемелерін қабылдамайтынын ашық түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Аlash.kz.
Министрліктің X желісіндегі ресми жазбасында бұл қадам "бейбітшілікке емес, аймақты одан әрі тұрақсыздандыруға және болашақта бейбіт шешімге жету мүмкіндігін әлсіретуге" әкелетіні айтылған.
Сонымен қатар. Израиль билігі Палестина ұлттық әкімшілігін "шешімнің бір бөлігі емес, керісінше - проблеманың нақ өзі" деп атады. Бұл мәлімдеме дипломатиялық тілдегі қатты сын ретінде бағалануда.
Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир де қатаң ұстаным білдірді. Ол Канада, Ұлыбритания және Аустралияның бастамасына қарсы нақты қадамдар жасалуын талап етіп: "Израиль билігі Иордан өзенінің батысындағы аумақты өз бақылауына алып, өз билігін орнатуы тиіс. Израиль жері тек Израильге тиесілі. Палестина халқы да, мемлекеті де жоқ" - деді. Бен-Гвир үкімет отырысында осы бағытта арнайы жоспар ұсынатынын жеткізді. Қаржы министрі Бецалель Смотрич пен басқа да құқықтық және қауіпсіздік саласындағы шенеуніктер бұл пікірді қолдайтындарын аңғартты.
Премьер-министр Биньямин Нетаньяху да бұған дейін өткен баспасөз мәслихатында Палестина мемлекетін мойындау "Израильдің тіршілігіне қауіп төндіреді және терроризмді абсурд түрде марапаттау" болуы ықтимал деді. Осыдан кейін ол БҰҰ-ның 80-ші Бас Ассамблеясы жұмысына қатысу үшін сапарға шығып, Дональд Трамппен кездесу жоспарлағаны хабарланды.
Израильдің қарсылығына қарамастан, Ұлыбритания, Канада және Аустралия өкілдері Палестинаның мәртебесі бойынша өз шешімдерін бекемдеуге ниетті екендерін көрсетіп отыр. Бұл қадам Еуропа елдері арасында да пікірталас тудырып, бір бөлігі қолдап жатса, енді бірі сақтық танытуда.
Израиль тарапынан айтылған аннексия туралы ұстанымдар мен қатаң мәлімдемелер жағдайды одан әрі шиеленістіріп, халықаралық реакцияларға жол ашуы ықтимал.
Қазіргі таңда Вашингтон мен Батыс серіктестердің ресми жауаптары ерекше назарда. БҰҰ жиыны, ресми кездесулер мен екіжақты келіссөздер алдағы күндері аймақтық әрі жаһандық саясаттағы бағыт-бағдарды айқындайтын басты факторлардың біріне айналмақ.