Мәжілістің VIII шақырылым депутаты Ринат Зайыт желідегі парақшасында жазба жариялап, үш жылдық депутаттық қызметін қорытындылады, деп жазады Alash.kz.
Оның айтуынша, Мәжіліске келудегі басты мақсаты - ел мүддесіне адал қызмет ету және халыққа берген уәдесін орындау болған.
«Қадірлі ағайын! Осымен өздеріңіздің қолдауларыңызбен үш жыл бұрын Парламент Мәжілісінде бастаған жұмысым мәресіне жетті. Әу бастан мандатқа ұмтылғанымның екі себебі болды: Біріншісі - 2019 жылы көпшіліктің алдында елдің мүддесін жан салып қорғауға уәде еткенім. Екіншісі- мүмкіндігі бар жерден халықтың пайдасына жарайтын қызмет атқарғым келгені. Шүкір. Екі бірдей тілегім де орындалды (толықтай демесем де)»,- деді Ринат Зайыт.
Ринат Зайыт үш жыл ішінде атқарған жұмыстарына тоқталып, халықтың мүддесін қорғауға күш салғанын атап өтті.
«Мәжілісте жүрген үш жылдың бір күнін де жеке пайдама немесе қалтамның қамы үшін жұмсамағанымды көздеріңізге тік қарап, мақтанышпен айта аламын. Қандай жиналыс, қай отырыс болмасын халықтың мүддесін саудаға салған жоқпын. Депутат болуыма тікелей қолдау көрсеткен AMANAT партиясы мен төраға Ерлан Жақанұлы Қошановтың демеуінің арқасында ауыз толтырып айта алатындай жұмыс жасадым.
Мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейту, Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесін мемлекетке қайтару, Семейдегі саяжай мәселесі, онлайн алаяқтық құрбандарын қорғау, заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң, мәдениет пен спорт, денсаулық пен білім, ғылым мен әлеуметтік осал топтарды қолдау саласы, МӘМС, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру, мемлекеттік тілдің ақпарат саласындағы үлесін ұлғайту, шетелдіктерге сурогат ана қызметін алуға тыйым салу т.с.с үш жылда болған пайдалы өзгерістердің барлығында менің үлесім бары анық. Оны мақтанышпен айта аламын.
Иә, кейде қалаған мақсатқа қол жеткізе алмай “бармақ шайнаған” кездерім де аз болған жоқ. Ол өзіммен мүдделес адамдардың аздығынан деп түсінерсіздер.Себебі Мәжіліс - жеке батырлық жасайтын жер емес. Атқарған жұмыстарым жайлы толық, ашық ақпарды алдағы уақытта кеңінен жариялаймын, бұйырса»,- деді Ринат Зайыт.
Сөз соңында Ринат Зайыт өзіне сенім артып, қолдау көрсеткен әріптестеріне алғыс білдірді.
«Бүгін үш жылдық жұмысты қысқаша қорытындылай келе әуелі халыққа, содан соң мәжіліс басшылығы мен әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Несін жасырайын, алғаш келген кездерімде терең суға тастай салған баладай абдырағаным да болды. Бұрын-соңды мүлдем маңайламаған салада бірден жұмыс істеп кету кімге оңай болсын? Сол алғашқы кезеңдерде ағалық ақылымен, әпкелік жанашырлығымен, достық көңілімен әріптестік қамқорлық көрсеткен жандар табылғанына ризалығым шексіз. Үш жылдық жұмыс маған үлкен тәжірибе болды. Еш өкпем де, өкінішім де жоқ.
Ерлан Жақанұлы, депутаттар, AMANAT партиясы, мәжілістің әлеуметтік мәдени даму комитетінің мүшелері, ПІБ ның ауруханасы, көмекшілерім, баспасөз қызметі, көлік жүргізушілер мен тех қызметкерлер, журналисттермен қолдау сөздерін жолдаған қарапайым азаматтар осылардың барлығы маған демеу берді. Баршаңызға бас иіп рахмет айтамын»,- деп жазды ол.
Сонымен қатар экс-депутат Мемлекет басшысының арнайы Алғыс хаты мен Парламенттің 30 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапатталғанын айтты.
«Тағы бір өзім үшін қуанышты жаңалық! Бүгін Мемлекет басшысының арнайы Алғыс хаты мен Парламенттің 30 жылдық мерекелік медалін табыстады. Бұл - мен үшін үлкен қолдау. Көптен көп рахмет. Ең бастысы ел іргесі бүтін, ел іші тыныш болсын!»,- деп қорытындылады сөзін Ринат Зайыт.