Актер Алмат Сақатов не себепті депутат болғысы келмейтінін айтты, деп жазады Alash.kz.
Өнер иесі депутаттық қызметке заңды жетік білетін, ел мүддесін бәрінен биік қоятын мемлекетшіл азаматтар келуі керек деген пікір білдірді.
“Депутат болу - ойыншық емес! Маған: “Неге депутат болмайсыз? Әртістер депутат болып жатыр ғой” деп жазады. Бірақ мен неге депутат болуым керек? Депутат деген - дана, ақылды, Ата Заңды жетік білетін, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін не қажет екенін түсінетін, елге жаны ашитын, жүрегінде патриоттық оты жанып тұрған адам болуы керек. Менде сол қасиеттердің бірі болса, екіншісі жоқ.
Өйткені, расында да, мен заңды жақсы білмеймін. Елдің әл-ауқатын ойлағаныммен, оны қалай жақсарту керектігін білмеймін. Әрине, “үйрен де жирен” дейді ғой. Бірақ кезінде Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз депутат болғанда: “Мына отырған депутаттардың бәрі - әртіс, ішіндегі кәсіби әртіс мен ғана” деген еді. Мен де олардың ортасына барып, кәсіби әртіс болып отырғым келмейді.
Депутат болып сайланамын деген азаматтар елді ойлайтын, халықтың жағдайын жақсарту үшін күресетін адамдар болуы керек. Қажет болса, жүрегін жұлып алып, елдің ортасына тастайтындай жанашырлық танытатын уақыт келді. Ел аман, жұрт тыныш болсын, ағайын! Аман болыңыздар!”, - деді Алмат Сақатов.