Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Досаев, саған айтам!

12:46, 21 наурыз 2022 337
Ақыл айтудан аулақпыз. Бірақ Алматының су жаңа әкімі Ерболат Досаевтың назарына қаланы дамытудың жобасы туралы оймақтай ой қосқымыз келеді.

Қаңтар қасіреті Алматыда басталды. Бұл анық. Жаңаөзенде болған бейбіт жиын Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз қалаларымен салыстырғанда, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт күйде өтті. Қираған нысандар, тоналған дүкендер, өртенген көліктер, өлген адамдар жағынан – салмақтың бәрі Алматыда. Неге? Өйткені, біріншіден, Алматыда халық көп. Қалада тіркелгені, тіркелмегені, мегаполиске жақын аудандардан күнделікті келіп-кетіп жұмыс жасайтындары бар – алып шаһарда 3 миллионға жуық адам тұрады. Бұл бейресми дерек, ресми болған күннің өзінде бұдан кем түспейді. Екіншіден, Алматыда Алатау, Наурызбай аудандары сияқты өзге аймақтардан келіп қоныстанушылар есебінен құрылған, инфрақұрылымы нашар, тұрғындары кедей екі аудан (бірнеше шағын аудандарымен) бар.

Жергілікті билік осы екі ауданды дамыту үшін бұған дейін әртүрлі бағдарламалар жасады. Бірақ соның қаншалықты нәтижелі болғанын ешкім толық айтып бере алмайды. Алатау ауданының Шаңырақ ықшам ауданында осыдан 15-16 жыл бұрын «Шаңырақ» оқиғасы болды. Тарихқа қасіретпен енген датаның шығу себебін кедейшілікпен, жоқшылықпен байланыстырсақ қателеспейміз. Ақшасы бар адам заңсыз жер телімін алып, үй салмайды.



Шаңырақтықтар – тәуелсіздіктен кейінгі тоқырау жылдары Алматы жағалап келген кедей-кепшіктер. Ол жылдары ауылдарда тұрақты жұмыс болмады, нан табудың өзі тауқыметке айналды, халық Қазақстанның түпкір-түпкірінен ел астанасына ағылды. Ол кезде астанадан баспана сатып алу ауыл-ауданнан келген қараша қазаққа арман болатын. Міне, сондай қиын шақта Алматы жағалаған тұрақты жұмысы жоқ, жоғары білім алмаған қазақтар не істеді? Шаңырақ пен Бақайды, Думан мен Қайратты паналады: біреуі заңды, біреуі заңсыз жолмен жер телімін алып, үй сала бастады.

Солар жаңадан келіп қоныстанып, іргетасын құйып жатқанда «мынауың заңсыз» деп біреу келді ме? Жоқ, әкімдік тарапынан ешкім барған жоқ. Барсың ба, жоқсың ба, өлісің бе, тірісің бе деген жоқ. Халық қолындағы тиын-тебенін құрап баспана тұрғызып, ірге теуіп алған соң шолақ белсенділер шошаңдады. «Үйің заңсыз салынған, бұзамыз» деді. Оған кім көнеді? Тұрып жатқан баспанасын бұздырып қарап тұратын тірі өлік жоқ қазір? Шаңырақ пен Бақай тұрғындары солай өре түрегелді. Оның арты адам өліміне, қылмысқа апарып соқты.



Мәселе сол қанды оқиғамен аяқтаса жақсы ғой. Алматының өгей баласындай күй кешкен Алатау ауданына соңғы жылдары Наурызбай ауданы қосылды. Сөйтіп, түйткіл тағы қалыңдады. Қазір осы проблемалы аудандарда жұмыссыздық, заңсыздық, әділетсіздік әлі «салтанат» құрып тұр...

Мәселен, мектептерде оқушылар үш ауысыммен оқиды. Бір сыныпта отызға жуық бала отырады. Спорт зал жетіспейді. Ауыз су, жол, газдандыру мәселелері айта-айта жауыр болған, тіпті ақжемі шыққан тақырып. Бұл аудандарда балалар ойнайтын алаңқайлар жоқтың қасы. Көпшілік қауымға арналған спорт залдар жетіспейді. Тіпті, балаларды дамытатын әртүрлі орталықтар Алатау мен Наурызбай, Медеу ауданының Думан ықшамауданына жат ұғым. Жастар баратын кинотеатр, мәдени-шығармашылық орталықтар, кітапхана сияқты рухани кешендер бұл аудандарда ешқашан болмаған, тіпті қарастырылмаған болуы да мүмкін.

Міне, осындай түйткілдер асқынып отыр. Қаңтар оқиғасында арандатушылармен бірге қаланы тонаған, қиратқандардың арасында неге осы шағын аудан тұрғындары көп болды? Өйткені бұл аудандарда пәтер жалдап тұратын жұмыссыздар мен баспанасыздар, ауылдардан келген жастар өте көп. Ал оларға жағдай жасамасақ, әлеуметтік мәселесі қарастырылмаған шағын аудан тұрғындарын дамыту туралы арнайы бағдарлама болмаса, бұл түйткіл бүгін-ертең шешілмейді. Тіпті, оңтүстік астана үшін ғана емес, Қазақстан үшін әлі отыз жыл бас ауру күйінде қала береді. Шаһарға жаңа келген әкім Ерболат Досаев жұмысын алдымен өз аппаратынан шығып, осы проблемалы аудандарды аралап көруден бастамаса, «баяғы жартас сол жартас» күйінде қала береді! Ерболат Досаевтың атын тарихта қалдыратын көз алдында тұрған бір мәселе болса, ол осы.

 

Ақтанберді АЙТ          
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар