Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бұған дейін өздері соққыға жығып кеткен…»: Ақтаудағы жасөспірімдер жанжалы туралы сұмдық дерек шықты (ВИДЕО)

09:08, 07 тамыз 2026

Ақтауда 14 жасар оқушының соққыға жығылуына қатысты полиция тексерісі жүріп жатқанда төбелеске қатысқан екінші тарап өкілі оқиғаның мүлде басқа мән-жайын жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.

Кәмелетке толмаған жасөспірімнің әпкесі інісінің бұзақылығын ақтамайтынын және оның соққыға қатысқаны үшін заң алдында жауап беруі тиіс екенін мойындайды. Дегенмен бойжеткен бұл жанжалдың екінші жағы да бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, таспаға түсіп қалған жайтқа дейін інісі мен оның жолдасы сегіз-тоғыз жасөспірімнен тұратын топтың шабуылына ұшыраған. Бұл топтың ішінде кейін бетінен аяқпен тебілген 14 жасар оқушы да болған көрінеді.

Сондай-ақ бойжеткен бейнежазбадағы оқиғаға дейін-ақ інісінің бас сүйегі сынып, ауыр жарақат алғанын мәлімдеді.

Бұл жағдайға байланысты ол: «Егер інім өзін қорғауға тырыспағанда, бұл оның өлімімен аяқталса, кім жауап берер еді?», – деді.

Енді жасөспірімнің отбасы құқық қорғау органдарынан жанжалдың мән-жайын жан-жақты тексеріп, оған қатысқан әрбір адамның рөлін анықтауды сұрайды. Олар мектеп оқушысын соққыға жыққандардың ғана емес, жанжалды бірінші болып бастаған тараптың да әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін зардап шеккен 14 жасар баланың жақындары екі жасөспірімнің оны соққыға жығып, оқиғаны телефонына түсіріп алғанын айтқан болатын.

Бұзақылар бұл видеоны жәбірленушінің досына жіберіп: «Шықпасаң, сенің де күнің осы болады», – деп сес көрсеткен. Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Оқиғаға қатысты екі түрлі нұсқа пайда болды. Төбелестің нақты қалай өрбігенін енді тергеу амалдары анықтайтын болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар