Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Біз – террорист емеспіз». Қаңтар құрбандарының жақындары алаңға жиналды

08:43, 05 қаңтар 2024 256
Бүгін қаңтар оқиғасына 2 жыл толды. Алматыда республика алаңына жиналған азаматтар Қаңтар оқиғасының құрбандарына арнап құран бағыштады.

Марқұмдардың туыстары кімнің қолынан қаза тапқанын анықтауды талап етті.

Алаңға екі жыл бұрынғы қанды оқиға кезінде қаза болғандардың туған-туыстары мен азапталған азаматтар да келді.

Қаңтар оқиғасы осыдан екі жыл бұрын басталып, жаппай наразылық бірнеше қаланы шарпып, 238 адамның өлімімен аяқталған.

Оның ішінде 19 марқұм күш құрылымдарының қызметкерлері. Кейін адам құқықтары жөніндегі уәкіл болған Эльмира Әзімова тергеу барысында азаптаудан тағы алты адам көз жұмғанын хабарлаған еді.

Қаңтар оқиғасынан кейін мыңнан аса адам ұсталып, олардың көбі президент рақымшылығымен бостандыққа шыққан. Кәрім Мәсімов, Мұрат Бектанов бастаған бірнеше шенеунікке үкім де шығып қойған. Қайрат Құдайберген, Арман Жұмагелдиев бойынша сот істері әлі аяқталған жоқ.

Бүгін Алматыдағы алаңға жиналған азаматтар қанды оқиға кезінде опат болған азаматтардың есімі жазылған плакат алып шықты. Құрбан болғандардың туған-туыстары әлі де тергеудің жүргізілуін, туыстары кімнің қолынан қаза тапқанын анықтауды талап етті.

Жиынға белгілі қоғам белсендісі, журналист Рысбек Сәрсенбай, Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр жарақат алған Ермек Әбдірешов сөз сөйледі.

Рысбек Сәрсенбай «Думан Мұхаммедкәрім, Әйгерім Тілеужан, Марат Жыланбаев, Қалас Нұрпейісов пен басқа да белсенділер Қаңтар ақиқатын, өз пікірін айтқаны үшін қамауда отырғанын» айтып, оларға бостандық беруді талап етуге шақырды. Алаңға жиналған азаматтар «Біз – террорист емеспіз» деп ұрандатты.

Фото qaz365.kz
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар