Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан әскерінде реформа басталды: Енді мерзімді қызмет екі кезеңге бөлінеді

21:31, 24 қазан 2026

Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кешенді әскери реформаны жүзеге асыру басталды. Өзгерістер армияның құрылымын жаңғыртуды, әскери қызметшілердің даярлығын арттыруды және олардың құқықтарын қорғауды қамтиды. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.

Реформа жоспары Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданған. Негізгі мақсат — заманауи технологиялармен жабдықталған, ұтқыр әрі жауынгерлік қабілеті жоғары армия қалыптастыру.

Мерзімді әскери қызмет екі кезеңге бөлінеді

Жоспардағы негізгі өзгерістердің бірі — мерзімді әскери қызметтің екі кезеңді моделіне көшу.

Алғашқы алты айда сарбаздар оқу орталықтарында дайындықтан өтеді. Олар әскери қызметке бейімделіп, бастапқы әскери білімін жетілдіреді және дене дайындығын шыңдайды. Сонымен қатар тіл үйреніп, жасанды интеллект құралдарын пайдалануды меңгеруге, еңбек нарығында сұранысқа ие азаматтық кәсіптерді игеруге мүмкіндік алады.

Келесі алты айда әскери қызметшілер әскери бөлімдерде болып, жауынгерлік даярлығын жетілдіреді және бөлімше құрамында міндеттерді орындауға машықтанады.

Жаңа модельдің жекелеген элементтері «Sarbaz+» жобасы аясында сынақтан өткен. Ал екі кезеңді жүйенің пилоттық жобасын 2027 жылы іске қосу жоспарланған.

Армияға жаңа технологиялар енгізіледі

Реформа аясында Қарулы күштердің құрылымы, қорғанысты жоспарлау, жұмылдыру дайындығы және әскери резервті қалыптастыру жүйесі жетілдіріледі.

Сондай-ақ армияны технологиялық тұрғыдан жаңғырту көзделген. Атап айтқанда, ұшқышсыз аппараттарға қарсы құралдар өндіру, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу және отандық қорғаныс өнеркәсібін дамыту жоспарланып отыр.

Әскери даярлық кезінде ұрыс қимылдарын модельдейтін симуляциялық бағдарламалар қолданылмақ. Бұл сарбаздардың дағдыларын жетілдіруге және оқу-жаттығу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Сарбаздардың құқығы мен әлеуметтік жағдайы назарда болады

Әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау үшін әскери бөлімдердің қолбасшылығына тәуелсіз әскери кеңесшілер институтын құру жоспарланған. Олар сарбаздарға қолдау көрсетіп, құқық бұзушылықтарды анықтауға және заңды мүдделерін қорғауға көмектеседі.

Сонымен қатар әскери қызметшілерді сапалы тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз ету, казармаларды, оқу нысандары мен полигондарды жөндеу көзделген.

Жастарды әскери-патриоттық даярлау жүйесі өзгереді

2027 жылдан бастап «Жас қыран», «Жас ұлан» және «Жас сарбаз» кезеңдерін біріктіретін «Жас айбын» атты бірыңғай әскери-патриоттық даярлау жүйесін құру жоспарланып отыр.

Мектеп оқушыларына қауіпсіздік ережелерін сақтау, алғашқы көмек көрсету және төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдыларын үйретуге басымдық беріледі. Сонымен қатар алғашқы әскери дайындық сапасын арттыру және мамандандырылған әскери мектептер желісін дамыту жұмыстары жалғасады.

Қорғаныс министрлігінің жоспарына сәйкес, реформаның ұйымдастырушылық шаралары жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ. Ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер орта мерзімді кезеңде енгізіледі. Ведомство реформа барысы туралы қоғамды тұрақты түрде хабардар етіп отырады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар