Павлодарда тіс дәрігерінің қабылдауында болған үш жасар қыздың жағдайы күрт нашарлап, комаға түсті. Оқиға 21 қазанда болған, деп жазды Alash.kz.
Туыстарының айтуынша, емдеу кезінде баланың көзі аударылып, тыныс алуы қиындаған. Анасы алаңдаушылық білдіргеніне қарамастан, дәрігер емдеу шарасын жалғастырған. Кейін қыз есінен танып қалған.
Ауруханаға бара жатқан жолда баланың жүрегі тоқтап қалған. Тағы бір рет жүрегі облыстық балалар ауруханасында тоқтаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыз ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Қазір ол жансақтау бөлімінде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер қарқынды ем жүргізіп жатыр.
Стоматологиялық клиника өкілдері емдеу медициналық хаттамаларға сәйкес жүргізілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ мекемеде ресми тексеру басталғанын хабарлап, оның нәтижесі шықпайынша қызметкерлердің кінәсі туралы қорытынды жасамауға шақырды.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен медициналық көмек көрсету барысында заңбұзушылық болған-болмағаны тексеру қорытындысы бойынша анықталуы тиіс.