Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Біреулердің баласы үйіне оралды… Біреулердің баласы мәңгілікке сағынышқа айналды…". Марқұмдардың туыстары Каспий трагедиясына бір ай болғанын еске салып, жазба жарияланды

20:28, 24 қазан 2026

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғаға бір ай толды. 2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні толқын ашық теңізге алып кеткен. Салдарынан 14 сарбаз қаза тауып, үшеуі аман қалған, деп жазды Alash.kz.

Қайғылы оқиғадан кейін баласынан айырылған ата-аналар мен жақындарынан айырылған отбасылар ауыр қасіретті бастан өткерді. Арада бір ай өтсе де, олардың жүрегіндегі жара жазылған жоқ.

Әлеуметтік желіде Самал Кәуелова сарбаздардың қазасына байланысты жүрек тебірентерлік жазба жариялады. Ол ұлдарының әскерден оралмайтынын қабылдай алмай жүрген аналардың қайғысын, баласының есіктен кіріп келуін әлі де күтетін ата-аналардың сағынышын жеткізді.

«Біреулердің баласы үйіне оралды… Біреулердің баласы мәңгілікке сағынышқа айналды… Бір үйде қуаныш, бір үйде үнсіздік… Бір ана баласын құшақтап отыр, енді бір ана баласының суретін құшақтап отыр», — деп жазды Самал Кәуелова.

Жазба авторы қайғылы оқиғадан аман қалған Ақжолдың тірі қалуы жақындарына үміт сыйлағанын атап өтті. Сондай-ақ Азаматтың есімін еске алып, қасіретті жағдайдың отбасыларға тигізген ауыр әсерін жеткізді.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде болған. Қатты жел мен қолайсыз ауа райының салдарынан 17 әскери қызметші теңізге кеткен. Үшеуі — Никита Удалов, Бекет Қуандық және Ақжол Темірхан аман қалып, кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазан айының басында Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қамауға алынғаны хабарланды. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінде басшылық ауысқан.

Арада бір ай өтсе де, қаза тапқан сарбаздардың отбасылары үшін бұл қасіретті күннің ауыртпалығы сейілген жоқ. Бірі баласының дауысын естуді аңсаса, енді бірі оның суретіне қарап жұбаныш іздеп жүр. Қайғылы оқиға олардың тағдырын өзгертіп, жақындарының жүрегінде орны толмас сағыныш қалдырды.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар