Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Балалар бағдарламасы балағат сөзбен толып кетті - ДЕПУТАТ

15:31, 23 мамыр 2024 580

Балаларға арналған анимациялық фильмдердегі ұлттық құндылықты сақтау туралы депутат ескерту айтты, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап

Депутаттың айтуынша, шамадан тыс белсенді виртуалды әлемнің әсеріне төтеп беру үшін ұлттық тіл мен мәдени туындыларды ортақ құндылықтар ретінде белсенді түрде насихаттау аса маңызды. Отаншыл ұрпақты қалыптастыру үшін сол ақпараттық технологияны жете меңгеріп, ана тіліміздегі мәдени өнім мен тәрбие құралдарын заманауи форматта жаңғырту, бүгінгінің тілінде ұсыну аса өзекті болып тұр. 

Сенатордың пікірінше, осы мәселелер ең күрделі проблема. Қазіргі балалардың бар ықыласы мен ынта-жігері толығымен смартфонға ауған. Анимациялық фильмдер бүлдіршіндердің дүниетанымын қалыптастыратын, тілін ұштайтын бірден-бір тәлім-тәрбие құралына айналып отыр. Алайда қазақ мультфильмдері жоғары талаптарға сай келмесе, балалар оны көрмейді.

"Ұлттық танымымызға сай идеологиялық мазмұн-маңызға ие, баланың санасы тез қабылдайтын тәрбиелік мәні бар анимация өнімдері де, балдырғандарға арналған кітаптар да өте аз. Тілі шұбарланып, қазақы тілдің қаймағынан айырылған, тіпті анайы сөзбен былғана бастаған қазақ киносының күрделі жағдайы да жеке сауалдың жүгі. Содан болар, балалардың тілі өзге тілде шығып, таным-түсінігі ұлтымызға жат қалыптасып келеді. Бұл –  ұлттың келешегі үшін өте қауіпті құбылыс. Себебі, анимация – жаһанданудың ең маңызды құралына айналды. Озық елдер анимацияға стратегиялық деңгейде мән беріп, өзінің ұлттық құндылығын өзге елдерге дарытып отыр", – деді Руслан Рүстемов.

Сенатор отандық анимацияны дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді, "Кинематография туралы" заңды қайта қарауды, қаржы субсидиясымен ұлттық анимациялық орталық ашуды ұсынды. Сонымен қатар ол анимациялық кино режиссері мамандығына гранттарды ұлғайту қажетін, ұлттық рухқа сәйкес келетін мультфильмдерге жыл сайынғы тапсырыс берудің маңызын, шетелдік анимациялық фильмдерді мемлекеттік тілге аударудың қатаң критерийлерін бекітуді және "Ұлттық анимация өнері туралы" заң жобасын дайындау қажет екенін атап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар