Бүгінде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшері 2,5%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5%-ға дейін көтеріледі. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жұмыс берушілер төлейтін зейнетақы жарнасының 5%-ының 4%-ын азаматтардың жеке шотына аудару туралы ұсыныс айтты, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Жұмыс берушінің 5% зейнетақы жарнасы бойынша өз пікірімді білдірдім. Бұл мәселе жөнінде сарапшылардың көзқарасын толық қолдаймын.
Шешім қарапайым әрі қисынды:
5%-дық жарнаны екі бөлікке бөлу:
• 4%- қызметкердің жеке шотына аударылуы керек, сонда ол осы қаражаттың нақты иесі болады;
• 1%-ынтымақты резервке бағытталып, еңбек өтілі немесе жинағы жеткіліксіз азаматтарға қолдау көрсетеді.
Еске салайын, 2024 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс берушілердің жаңа 5% зейнетақы жарналары кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
Қазір басты сұрақ - бұл жарналар азаматтардың жеке есепшоттарына түседі ме, әлде МӘМС секілді ортақ қазанға бағыттала ма?
Жұмыс берушілер осы жаңа жарналарды 2024 жылдан бастап ЕНПФ-ке 1975 жылдан кейін туған қызметкерлер үшін аударып жатыр.
Маңыздысы - бұл қаражат жүйеге жай ғана кетіп қалмай, әр адам өз ақшасы екенін нақты сезінуі керек”,- деп жазды Асхат Аймағамбетов.