Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Астанада - Ұлт көсемі ұлықталған ұлы күн

23:40, 05 наурыз 2024 1136

5 наурыз - Алаш арысы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның дүние есігін ашқан күні. Ұлт көсемінің туған күніне орай ALASH.KZ ұлттық порталының ұйымдастыруымен бас қаламыз - Астанадағы Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Тағылымы мол іс-шараға «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңес төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы, алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов, қоғам қайраткері Тишбек Тяжин, алаштанушы ғалым Қайырбек Сәдуақасов, қоғам қайраткері, ақын Көпболсын Бекмағанбет, Әлиханның шырақшысы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан, алаштанушы ғалым Сұлтан Ыбырай, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Мұхамеджан Болысбек, «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері, Астана қалалық мәслихат депутаттары, Алаш арысының Ақтоғайлық жерлестері, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, БАҚ өкілдері және Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицей ұжымы мен оқушылар қатысты.

Салтанатты жиын алдында Алаш рухын жоқтаушы бірнеше ел ағалары сөз сөйлеп, Әлихан Бөкейхан жөнінде толғанысқа толы ойларымен бөлісті.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, алаштанушы ғалым, жазушы:

«ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН СИЯҚТЫ САЯСИ ТҰЛҒАЛАР ҚАЗАҚ САХНАСЫНА ӘЛІ ШЫҚҚАН ЖОҚ»

«Біз бүгін рухына тағзым еткелі отырған Ұлт көсемі дәрежесіне көтеріліп, болашаққа зор үмітпен елінің ертеңіне бет алған Әлихан Бөкейхан сияқты саяси тұлғалар оған дейін де, одан кейін де қазақ сахнасына әлі шыққан жоқ», - дей келе, Тұрсын Жұртбай бүгінгі ұрпақ санасында жаңғыруы тиіс Алаш ардақтысының басты бес ұстанымына тоқталып өтті:

Бірінші ұстаным – «Жер, жер және жер». Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек.

Екінші ұстаным – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Әлихан Бөкейханның сөзімен айтсақ, «қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс».

Үшінші ұстаным – Әлихан Бөкейханның жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі керек.

Төртінші ұстаным – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек. Бұл идеологиялық ұстаным болатын.

Бесінші әрі ең негізгі ұстанымы - ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек.

«Егер біз «қазақ болып қаламыз, ұлттық мемлекет құрамыз» десек, Ұлт көсемінің осы бес ұстанымы мәңгілік ұстаным болып қалуы тиіс», - деп түйіндеді өз ойын алаштанушы ғалым.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЙҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері, академик:

«ҚИЫНДЫҚҚА ЕШ МОЙЫМАҒАН, АЛҒАН БЕТІНЕН ҚАЙТПАҒАН ҰЛЫ АДАМ»

«Ұлыларымызды ұлықтау, оларды ұмытпау – елдіктің белгісі. Оның ішінде, Әлекең сияқты ұлы тұлға ұмытылмайтынын осы жиынға келген барлық азаматты көріп, риза болып тұрмын.  Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»,- деп, қандай қиындықты басынан өткерсе де, еш мойымаған, алған бетінен қайтпаған ұлы адам ғой. Бар саналы ғұмырында халық үшін қызмет жасап, елдің санасын оятып, Алаш партиясын құрды, Алаш Орда үкіметінің негізін қалады. Қазан төңкерісіне дейін Самарада болған жылдары, одан кейін 1922 жылдан 1937 жылға дейін 15 жыл бойы Мәскеуде үйқамақта отырғаны, одан кейін түрмеге қамалғаны, ешқайсысы ұлы адамды мойыта алмаған ғой. Ел үшін, халық үшін басын бәйгеге тіккен Ұлт көсеміне біздің қоғамда үлкен бетбұрыс жасалып жатыр. Қаламгерлер аллеясында мына «Алаш қайраткерлері» ескерткішінің қойылуы, Қарағандыдағы ауданға есімінің берілуі, Семейдегі университетке есімінің берілуі - бұл ұлы шаруаның басы деп есептеймін. Алда бұл шаруалар жалғасын табады. Олардың көлемі де, масштабы да кеңейеді. Халықтың санасы өсіп келе жатыр. Елде үлкен оң өзгерістер болады»,- деді Өмірзақ Озғанбайұлы.

Әлихан БАЙМЕНОВ, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері:

«ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН АДАМИ, АЗАМАТТЫҚ МАҒЫНАДА БАРЛЫҚ ӨМІРДЕГІ МИССИЯСЫН АТҚАРЫП КЕТКЕН ТҰЛҒА»

«Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ардақтылары күнтізбелік өлшеммен қысқа өмір сүрсе де, адами, азаматтық мағынада барлық өмірдегі миссиясын атқарып кеткен тұлғалар. Себебі, олар дүниеге келген уақытта қазақтың атқа мінерлері бірін-бірі жамандап, Ресейдің тағайындаған уезд бастығы, губернаторына жүгініп, патшалыққа қызмет етіп, қазақ бодан болған қиын кезең еді. Міне, сол кезеңге жауап ретінде ұлы Абайдың шығармалары дүниеге келді. Оның ісін саяси деңгейде жалғастыруға Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері шықты. Міне, олар сол төменде тұрған ұлттың тәуелсіздікке деген ұмтылысын оятып, өзінің ұлттық үкіметін құратын деңгейге дейін алып келді. Қазір біз осы кісілер армандаған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз», - деді өз сөзінде Әлихан Байменов.

Әлихан Байменов ертеңгі ел тұтқасы болар азат елдің айбынды жастарына үлкен сеніммен қарайтынын айтып, Алаш арыстарының асқақ арманының орындалғанын айтты.

«Біздің бүгінгі қаумалап өсіп келе жатқан жастарымыз бізден де артық. Оған күнде көзім жетіп жүр. Сол себепті, біз болашаққа зор үмітпен қараймыз. Біз дүбәра заманда дүниеге келіп, Әлихан Бөкейхандардың есімін еміс-еміс естідік. Қатарластарымның ішінде менің аттастарым жоққа тән. Себебі, ол заманда сендердей кезімізде бізге ол кісінің атын атауға да болмайтын. Көпшілігі балаларының атын ол кісінің атымен атауға қорқатын. Міне, бүгін жастар Әлихан Бөкейханның ескерткішіне келіп, гүл шоғын қойып тұрсыздар. Жаңа заман, жаңа мүмкіндіктер! Сіздер елімізді алға жетелейсіздер. Сіздердің көздеріңіз ашық. Әлемді таныдыңыздар. Біз әлемді тани алған жоқпыз. Себебі, мемлекет жабық болды. Сіздер ашық мемлекетте рухани темірқазықтарыңызды таба алатын жағдайдасыздар. Ол үшін еңбек керек, ізденіс керек. Еңбек, білім, имандылық - сіздердің баршаңызды алға жетелеп, елімізді көркейтеді. Осы сауапты істе мен сіздерге табыс тілеймін! Бұл – Әлекеңнің арманы», - деп Әлихан Мұхамедияұлы жастарға ағалық ақ тілегін арнады.

Бейбіт КҮЛМАҒАНБЕТ, «Ақ жол» демократиялық партиясының Қарағанды қалалық мәслихатының 7-ші шақырылымының экс-депутаты:

«ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНДАЙ АЛЫП ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ – ҚАЗАҚ ҮШІН, ЕЛ ҮШІН ҮЛКЕН БАҚЫТ»

«Алаштың асылы, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан атамыздың қазақ тарихында қазіргі тәуелсіздігіміздің негізін қалаудағы рөлін қашан да жоғары деңгейге көтеріп отыруымыз керек. XX ғасырдың басында жаңа ұрпақ кезеңін қалыптастырған осындай алып тұлғалардың дүниеге келуі – қазақ үшін, ел үшін үлкен бақыт еді... Ұлт дербестігі үшін аянбай күресіп, бүгінгі Қазақстан деп аталатын мемлекеттің шекарасын сызып кеткен Алаш қайраткерлерінің арқасында бүгін тәуелсіздігімізге қол жеткізіп отырмыз. Алаш партиясының ізбасары ретінде «Ақ жол» демократиялық партиясы Алаш мұрасын қайта жаңғыртуда аянбай еңбек етіп келеді. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан есіміне лайықты тарихи беруде жеткен басты жетістіктеріміздің бірі – жылдар бойы атауы өзгеріссіз келген Қарағандыдағы Октябрь ауданы Әлихан Бөкейхан есімімен аталсын деп «Ақ жол» демократиялық партиясының Қарағанды облыстық филиалының атынан Орталыққа хат жаздық. Бір аптадан кейін облыс әкімдігінен сүйінші хабар келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің ұсынысымызды қолдап, 2021 жылы Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан деп өзгерту туралы шешім қабылдады. Әлихан Бөкейхан Атамыз тек қана өткен кезеңдегі жаңалықтардың бастамашысы болған жоқ. Мемлекетіміздің жаңа даму кезеңіне аяқ басқан қазіргі кезеңде де, Ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстанның арасын сызып берген, жаңашылдығын көрсеткен ұлы тұлға. Бүтін қазақ халқы Алаш арыстарын үлгі тұтуы керек», - деді Бейбіт Оспанұлы.

Зарина ӘШІРБЕК,

ALASH.KZ ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар