Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов журналистердің сұрағына неге ашуланды?

14:35, 13 қараша 2025 155

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады. Алайда жиын барысында әкім мен тілшілер арасында түсініспеушілік туындап, диалог қызу пікірталасқа ұласты, деп жазады Alash.KZ.

Журналистердің бірі – «Хабар» арнасының өкілі – әкімнен әлеуметтік осал топтарға арналған сатып алынған пәтерлердің сапасына қатысты сұрақ қойды. Тілші соңғы кезде тұрғындардан «жаңа үйлердің сапасы нашар» деген шағым жиілегенін айтып, бұл мәселенің тиімділігіне күмән келтірді.

Алайда облыс басшысы мұндай пікірмен келіспейтінін білдіріп, нақты мысал сұрады.
– Қай жерде не қирап жатыр? Маған нақты айтыңызшы. Жалпы сөзбен айтудың қажеті жоқ. Біз сатып алған үйлер сапалы. Барлық тұрғын риза, тек Қосшы қаласында ғана кейбір ұйымдастыру мәселелері бар, – деді Ахметжанов дауысы қатқылдау шығып.

Оның айтуынша, биыл жазда «Отбасы банк» арқылы 543 пәтер сатып алынған, бірақ әзірге тұрғындарға толық беріліп үлгермеген. Барлығы жыл соңына дейін таратылмақ.
– Бурабайдағы пәтерлердің жағдайы өте жақсы. Тіпті кейбірінде екі-үш санитарлық бөлме бар. Бұл үйлерде кәсіпкерлер мен орта табысты азаматтар тұрады. Сондықтан «пәтерлер сапасыз» деген пікір шындыққа жанаспайды, – деді әкім.

Келесі сұрақты Nur.kz порталының журналисі Яна Яковлева қойды. Ол Астана мен Бурабай арасындағы тас жол бойындағы дәретханалардың жағдайына байланысты тұрғындардан жиі шағым түсетінін айтты.

Бірақ Марат Ахметжанов бұл мәселе әкімдік құзырында емес екенін түсіндірді.
– Бұл нысандарға «ҚазАвтожол» мекемесі жауап береді. Трассада барлығы 28 дәретхана бар. Мен өзім жиі жол жүретін адаммын, тазалығы жаман емес. Дегенмен, егер нақты сын болса, тексеріп шығамыз. Бірақ бұл мәселе облыс әкімдігіне емес, республикалық жол қызметіне қарайды, – деді ол.

Жыл соңында өңір басшыларының есеп беру жиындары дәстүрге айналған. Осыған дейін Абай облысының әкімі Берік Уәли де тілшілер алдында баяндама жасап, аймақтағы жылу жүйесі, алтын өндіру саласы және салынғалы жатқан жаңа стадион туралы айтып өткен еді.

Ақмола облысындағы бүгінгі жиын болса, өңірдің әлеуметтік жобаларына арналған есеп ретінде басталып, ақырында ашық пікірталас алаңына айналды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар