Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Ақсуат ауылындағы мектепке 19 жастағы жігіт заңсыз кірген. Қолына пышақ ұстап, мектеп ішін кезген, деп хабарлады Alash.kz.
Оқиға 10 сәуір күні, таңертең болған. Полицияның мәліметінше, бейтаныс азамат қолына пышақ ұстап, мектеп ішін шарлаған.
Оқырмандардың айтуынша, бұл жағдай шамамен таңғы сағат 7-де болған. Бейнежазбада уақыты 06.58 деп көрсетілген. Мектепте сабақ әлі басталмағанын, оқушылар мен мұғалімдердің жоғын байқауға болады болмаған. Сондай-ақ күзетші де жұмыс орнында болмаған:
«Жігіт мектеп ішінде шамамен 20 минут жүрген. Бұл уақытта әдетте оқушылар мен мұғалімдер келе бастайды. Абырой болғанда, ешкім болмаған. Ал егер сол сәтте бір бала келгенде не болар еді? Қолында пышағы бар адам мектепте емін-еркін жүр, күзет те жоқ», – деп жазды оқырман.
Ақмола облысындағы Полиция департаменті бұл деректі растады.
Олардың мәліметінше, 10 сәуір күні таңғы 07:00 шамасында мектеп аумағына 19 жастағы ауыл тұрғыны кірген. Полиция оны жылдам ұстап, медициналық тексерістен кейін Степногорск қаласындағы психиатриялық ауруханаға жеткізген. Оқиға кезінде мектепте ешкім болмаған, өйткені сабақ 08:30-да басталады.
Құқық қорғау органдары мектеп әкімшілігімен профилактикалық әңгіме өткізгенін мәлімдеді.
Бейтаныс адам мектепте шамамен 20 минут болған. Ол жедел түрде ұсталып, Степногорск психиатриялық ауруханасына жеткізілді. Қазір оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.