Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері интернет алаяқтықтың 254 дерегі тіркелген. Полицейлер алаяқтықтың түрлерін мәлімдеді.
СҚО полиция департаменті криминалды полиция басқармасының аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі Виталий Подчернин өңірлік коомуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдегі интернет алаяқтық бойынша ахуалға тоқталды.
Сондай-ақ СҚО тұрғындары жиі ұрынатын бірқатар танымал алаяқтық схемаларға тоқталды.
«Күмәнді қаржылық жобаларға қатысу. Алаяқтар танымал әлеуметтік желілерде жарнама орналастырып, дивиденд төлейтіндігі туралы ақпарат жариялайды, белгілі адамдармен бейнежазбалар орналастырады.
Мәселен Петропавлдың 38 жастағы тұрғыны наурыз айында YouTube бейне хостингінде инвестиция салуды ұсынатын жарнаманы көрді, сілтеме бойынша ол сауалнаманы толтырды. Содан кейін әлеуметтік желіде байланысып, бастапқы сауда-саттық үшін 990 000 теңге төлеу қажеттігін айтқан. Жәбірленуші аталған соманы енгізіп, ақшасының өскенін көріп, оның бір бөлігін алғысы келген, бірақ ала алмаған. Ал хабарласқан адам оны бұғаттап тастаған. Осыдан кейін ғана ер адам алаяқтардың құрбаны болғанын білген», - дейді Виталий Подчернин.
Тағы бір кең тараған тәсіл - банк қызметкерінің жалған қоңырауы. Алаяқтар кейде полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері болып хабарласады. Адамды басқа шотқа ақша аударуға мәжбүр етеді. Сондай-ақ жәбірленушінің мобильді құрылғысын қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін Рудеск, Хоптудеск, Рендеск, Таймфьюер, т. б. бағдарламаларды орнатуға көндіреді.
«Облыстың 57 жастағы тұрғынына сәуір айында белгісіз қыз қоңырау шалып, өзін ұялы байланыс операторы ретінде таныстырған, SIM картасы ескіргенін түсіндіріп, оны ауыстыруды ұсынған. Осыдан кейін жәбірленушіге ұялы телефонға 4 таңбалы код түсіп, ол оны бейтанысқа хабарлаған. Біраздан кейін әйелге басқалар хабарласып, өздерін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырады және алаяқтар оған несие рәсімдегенін айтқан. Оны жою үшін "хоп ту деск" бағдарламасын жүктеу қажет деген. Әйел банк бөлімшесінде ғана алаяқтардың оның атына 500 000 теңге несие рәсімдегенін білді», - дейді полиция қызметкері.
Маманның айтуынша, алаяқтар жиі қолданатын тәілдің бірі - конкурста дауыс беру туралы хабарлама. Мұндайда ұялы телефонға конкурста дауыс беруді сұрайтын сілтеме келеді. Фишингтік сілтемеге өту арқылы сіз контактілерге кіруге рұқсат бересіз. Кейін сіздің атыңыздан алаяқтар контактілеріңізге ақша сұрап өтінішпен хабарласады.
«Қазіргі жағдайға байланысты алаяқтар мемлекеттік органдардың атынан қоңырау шалып, су тасқынынан зардап шеккендердің тізімін растау үшін SMS-хабарлама жіберуді сұрайды екекн. Осы схема бойынша СҚО аумағында зардап шеккендер тіркелген жоқ. Бірақ мен азаматтарды өтемақы мәселелерін тек барып немесе ресми веб-ресурстар арқылы ғана шешуге болатынын ескерткім келеді. SMS-пен келген кодты ешкімге бермеуіңіз керек, тек ресми ақпарат көздеріне сеніңіз», - дейді Виталий Подчернин.