Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«8 баланың анасы өртеніп кетті»: Шымкент іргесінде жантүршігерлік оқиға тіркелді (ВИДЕО)

11:56, 20 маусым 2026

Шымкент қаласының іргесіндегі Қайнарбұлақ шағын ауданында орналасқан тұрғын үйде өрт шығып, соның салдарынан сегіз баланың анасы өз перзенттерінің көз алдында отқа оранып, алған ауыр жарақаттарынан ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.

Төтенше жағдай орын алған сәтте үй ішінде 39 жастағы Марал Боранбаева қалып қойған. Қызыл жалын құрсауында қалған әйелді құтқаруға оның жолдасымен бірге үлкен ұлы барын салған. 17 жастағы жасөспірім жігіт ақыры анасын лаулаған өрттің ішінен сыртқа алып шыққан. Алайда, денесін қатты күйік шалған келіншектің өмірін арашалап қалу мүмкін болмады. Ол ауруханаға жеткізілгеннен кейін көз жұмды.

Оқиғадан кейін қабырғасы қайысқан Шымкент тұрғыны, марқұмның жолдасы Айдос Боранбаев болған сұмдықты былай деп еске алды:

«Әйелімді құтқара алмадым. Әйелім ана жақта жүрген ғой. Біз мақтамен айналысамыз. Арпалысып, әйелімді құтқарамын деп отты баса беріппін. Құтқара алмадық. 80 пайыз күйіп қалыпты әйелім».

Жергілікті тұрғындар мен куәгерлердің берген мәліметінше, тілсіз жау алдымен үйдегі мақтадан тұтанған. Соның салдарынан санаулы сағаттардың ішінде бүкіл баспана толықтай өртеніп, күлі көкке ұшқан. Қайғылы жағдайға тап болған бұл сегіз баласы бар Боранбаевтар отбасы өз үйлерінің ауласынан арнайы цех ашып, көрпе-төсек тігумен айналысқан және осы еңбектері арқылы күнделікті нәпақаларын тауып отырған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар